Жол қауіпсіздігі – кездейсоқтықты көтермейтін сала. Әрбір бұрандасы, әрбір бөлшегі және әрбір техникалық шешімі жолаушы өмірінің қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Осы қағиданы басты назарда ұстай отырып, Абай облысының полицейлері жолдағы бақылау жұмыстарын күшейтіп, тасымалдаушылар арасында заң талаптарының сақталуына бағытталған профилактикалық шараларды жалғастыруда.
«Тасымалдаушы» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері Алматы – Өскемен автожолының 769-шақырымында жолаушылар тасымалымен айналысқан Yutong маркалы автобусты тоқтатты.
Сырт көзге қалыпты қозғалыста болған көлік құралының техникалық жағдайын тексеру барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, автобус белгіленген тәртіппен келісілмей, өз бетінше қайта жабдықталған. Тексеру кезінде көліктің ортаңғы есігі зауыттық талаптарға сай емес, қолдан жасалған конструкциямен орнатылғаны белгілі болды.
Көліктің әрбір элементі белгілі бір қауіпсіздік талабына негізделеді. Ал рұқсатсыз енгізілген өзгерістер жолаушылардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етіп, күтпеген жағдайларда үлкен қауіп тудыруы мүмкін.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері жүргізушіге қатысты да заң талаптарының бұзылғанын анықтады. 42 жастағы азаматтың жүргізуші куәлігінің қолданылуы уақытша тоқтатылғаны белгілі болды. Яғни, ол көлік басқару құқығы шектелген кезеңде жолаушылар тасымалымен айналысқан.
Тексеру нәтижесінде автобус арнайы айыппұл тұрағына орналастырылды. Қазіргі уақытта анықталған құқық бұзушылықтарға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдануда.
Полиция қызметкерлері үшін басты міндет – тек құқық бұзушылықты анықтау емес, оның алдын алу. Себебі жолдағы қауіпсіздік – тек жүргізушінің емес, тасымалдаушының, жолаушының және барлық жол қозғалысына қатысушылардың ортақ жауапкершілігі.
Абай облысы Полиция департаменті тасымалдаушыларға көлік құралдарының техникалық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуді, заңсыз қайта жабдықтауға жол бермеуді және жүргізушілердің көлік басқару құқығына қатысты талаптарды қатаң сақтауды ескертеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1265630?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау