Бұланды ауданында 57 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Макинск қаласында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жаңа пәтер кілттерін табыстау рәсімі өтті. Қоныс тойын атап өткен 57 отбасы үшін баспаналы болу көптен күткен қуанышты оқиғаға айналды.

Пәтер кілттерін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов табыстады. Жаңа қоныс иелерін құттықтаған өңір басшысы азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Бүгін көптеген отбасы үшін өмірдің жаңа кезеңі басталып отыр. Өз баспанасы – ертеңгі күнге деген сенім, тұрақтылық және болашаққа нық қадам жасаудың негізі. Мемлекет өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға жан-жақты көмек көрсету бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.

Баршамыздың ортақ міндетіміз – жаңа Конституцияның қағидаттарын нақты істер арқылы жүзеге асырып, еліміздің одан әрі дамуы мен өркендеуіне үлес қосу», – деді Марат Ахметжанов.

«Kokshe» ӘКК жүзеге асырып жатқан реновация бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйдегі пәтерлер көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, жетім балаларға және әлеуметтік осал санаттағы өзге де кезекте тұрған азаматтарға берілді. Жаңа баспаналар жайлылық пен абаттандырудың заманауи талаптарына толық сәйкес келеді. Көптеген отбасы үшін жеке пәтерге қол жеткізу өмір сапасын жақсартуға жасалған маңызды қадам болды. Солардың бірі – ерекше қажеттіліктері бар екі баланы тәрбиелеп отырған Әсем Жәкенова.

«Біздің отбасы тұрғын үй кезегінде сегіз жыл тұрды. Кілт алатынымызды естігенде алғашында сене алмадық. Үш бөлмелі пәтеріміз жарық әрі кең, енді әрқайсымыздың өз орнымыз болады. Бұл – біздің отбасымыз үшін көптен күткен қуаныш әрі жаңа өмірдің бастауы. Енді өзіміздің жайлы да бақытты шаңырағымызды құра аламыз», – деді Әсем Жәкенова.

Сондай-ақ өңір басшысы Baluan Sholak тұрғын үй кешенінде болды. Мұнда әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін қосымша 15 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Мердігермен кездесу барысында Марат Ахметжанов пәтерлерде сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізумен қатар, аула аумағын да абаттандырудың маңыздылығына тоқталды. Атап айтқанда, балалар және спорт алаңдарын, беседкалар мен орындықтарды орнату қажеттігін айтты. Өйткені жаңа қоныс иелерінің арасында көпбалалы отбасылар бар.

Айта кетейік, Ақмола облысында тұрғын үй құрылысын дамыту және мемлекеттік қолдауға мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. Соңғы үш жылда 3 мыңнан астам кезекте тұрған азамат тұрғын үй жағдайын жақсартты. Ал Бұланды ауданында тек 2025 жылдың өзінде 16 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1265636?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version