ӨНЕР ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕК: Амангелді Тілептің шығармашылық кеші өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінде әнші, күйші, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Амангелді Нағмашұлы Тілептің зейнет жасына толуына арналған «Өнер деп соққан жүрегі!» атты шығармашылық кеші өтті.

Шығармашылық кеште Амангелді Тілеп халық әндері «Ақсұңқар», «Қымыз құйғыш», «Үкілі қыз», сондай-ақ «Құрбымнан хат», «Қазақтың келіндері-ай» сынды шығармаларды орындап, күйшілік өнерін де көпшілікке паш етті.

Мерейтой иесін аудандық мәслихат төрағасы Бақтияр Ақбаев құттықтап, мәдениет саласына сіңірген елеулі еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрінің Алғыс хатын, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін және Байзақ аудандық мәслихатының Алғыс хатын табыстады.

Сонымен қатар, Жамбыл облыстық мәдениет, спорт, туризм қызметкерлері кәсіподағы ұйымының заңгері Керімбек Дина Орынбекқызы арнайы қатысып, Амангелді Нағмашұлын «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағының» «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттады.

Кеште Амангелді Тілеп жетекшілік ететін «Әжелер» ансамблі, «Ардагерлер» ансамблі, «Байзақ» триосы өнер көрсетіп, белгілі әншілер мен термешілердің орындауындағы шығармалар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ шәкірттері – Ғани Мәтебаев, Жалғас Мәдіомар, Дінмұхаммед Сембек, Әлиасқар Берікбай, Ерасыл Мырзабеков, Мансұр Сапарғали, Дамир Серкешбай және Нұржігіт Жамаладдин халық әндерін орындап, ұстаздарына деген құрметтерін білдірді.

Кеш барысында мерейтой иесінің өмір жолынан сыр шертетін бейнеролик көрсетіліп, отбасы мүшелері мен шәкірттерінің арнайы әзірлеген музыкалық тартулары көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Шара соңында сөз алған Амангелді Нағмашұлы өнер жолында бірге болған әріптестеріне, шәкірттеріне, достары мен туған-туыстарына және барша көрермен қауымға шынайы алғысын білдіріп, ұлттық өнерге қызмет етуді алдағы уақытта да жалғастыратынын жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak-sarykemer/press/news/details/1265301?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version