Қарағанды облысында Дария және Мырза станцияларының теміржол вокзалдарын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Жобаны іске асыру жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, қауіпсіздіктің заманауи стандарттарын қамтамасыз етуге және өңір тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы жағдай жасауға бағытталған.
1940 жылы пайдалануға берілген Дария станциясы вокзалының жалпы ауданы – 757,4 шаршы метр көлемінде сақталып, толық жаңғыртудан өтті. Жоба аясында екі қабатты ғимарат кешенді түрде жаңартылып, инженерлік инфрақұрылым бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес жаңа эвакуациялық шығу жолдары ұйымдастырылды.
Станция арқылы Астана, Қарағанды, Жезқазған, Семей, Балқаш, Павлодар, Түркістан, Шымкент, Шу, Тараз, Маңғыстау және Бейнеу бағыттарына қатынайтын 10 жолаушылар пойызы өтеді.
1987 жылы салынған Мырза станциясы вокзалының жалпы ауданы бастапқы қалпында сақталып, 479,3 шаршы метрді құрады. Жоба аясында инженерлік коммуникациялар жаңартылып, ғимараттың ішкі бөлмелері мен қасбеті жөнделді. Сондай-ақ жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылық деңгейін арттыруға бағытталған кешенді шаралар іске асырылды. Станция арқылы Қарағанды, Қостанай, Астана және Көкшетау қалаларымен байланысты қамтамасыз ететін 6 жолаушылар пойызы өтеді.
Құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау барысында отандық өндірістің материалдары пайдаланылды. Жаңартылған вокзалдар қауіпсіздік, қолжетімділік және қызмет көрсету сапасы бойынша заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Бұл жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, Қарағанды облысының көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға да ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1265334?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау