Қазақстан мен БАӘ екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Абу-Даби, 2026 ж. 28 мамыр – Қазақстанның БАӘ-дегі Елшісі Рауан Жұмабек Аджман әмірлігінің басшылығымен және іскерлік қауымдастық өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.

Аджман Әмірлігінің Тақ мұрагері шейх Аммар бен Хумейд Әл Нуэймимен өткен кездесуде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, сондай-ақ елдегі сайлау үдерісі мен Ұлттық құрылтай туралы ақпарат ұсынылды.

Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен қатынастарды одан әрі нығайтудың перспективаларын талқылап, Аджман әмірлігімен сауда-экономика, инвестиция және туризм салаларындағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударды.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Аджман әмірлігінің іскерлік қауымдастықтары арасындағы байланыстарды қолдау және дамыту, бірлескен инвестициялық бастамаларды іске асыруға жәрдемдесу, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Аджман әмірлігінің Еркін экономикалық аймақтар басқармасының бас директоры Обейд әл-Матрушимен өткен келіссөздер барысында инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ еркін экономикалық аймақтарды дамыту саласында тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылды. Әмірлік тарапы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, оның ішінде Аджман еркін экономикалық аймағының мүмкіндіктерін таныстыру және Қазақстанның бизнес-қоғамдастығымен тікелей байланыстар орнату мақсатында еліміздің аумағында инвестициялық роуд-шоулар өткізуге қызығушылық білдірді.

Thumbay Group компаниясының президенті Тумбай Мойдинмен өткен кездесуде денсаулық сақтау, медициналық білім беру, инвестиция және өзара қызығушылық тудыратын бірлескен жобаларды іске асыру бағытындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Кездесу нәтижесінде денсаулық сақтау саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастыруды, медициналық инфрақұрылымды дамыту, кадрлар даярлау және тәжірибе алмасуды қоса алғанда, өзара іс-қимылды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Тараптар ынтымақтастықты кеңейтуге және салалық ұйымдар арасында тікелей байланыстар орнатуға өзара қызығушылық білдірді.

Аталған кездесулер тараптардың Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және жаңа бірлескен бастамаларды іске асыруға өзара мүдделілігін растады.

АнықтамаШейх Аммар бен Хумейд Әл Нуайми – 1993 жылдан бері Аджман әмірлігінің Тақ мұрагері. Сонымен қатар Аджман Әмірлігінің Атқарушы кеңесінің төрағасы және Ajman Bank директорлар кеңесінің төрағасы қызметтерін қатар атқарады. Ол Ajman Vision 2030 бағдарламасын  және әмірліктің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын іске асыруға белсенді түрде қатысады.

Ajman Free Zone (AFZ) – 1988 жылы құрылған және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ең көне әрі қарқынды дамып келе жатқан еркін экономикалық аймақтардың бірі. Қазіргі уақытта AFZ аумағында әлемнің 165-тен астам елінен 20 мыңнан астам компания тіркелген. Олар сауда, өндіріс, логистика, ақпараттық технологиялар, электрондық коммерция және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда Аджманның еркін экономикалық аймағында Қазақстанның үлесі бар 316 компания тіркелген, олардың 87-сі белсенді қызмет атқаруда.

Thumbay Group – 1997 жылы құрылған БАӘ халықаралық әртараптандырылған бизнес-тобы. Компаниялар тобы 26 бағыт бойынша қызмет атқарады, 26 брендті біріктіреді және құрамында 7 академиялық аурухана, 5 медициналық орталық, 3 диагностикалық зертхана және 46 дәріхана бар. Топта шамамен 3 мың қызметкер жұмыс істейді және оның медициналық мекемелері әлемнің 175-тен астам елінен келген науқастарға қызмет көрсетеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-abudhabi/press/news/details/1265317?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version