Нью-Йорк, 2026 жылғы 22 шілде – Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Конго Демократиялық Республикасының Сыртқы істер министрінің төрағалығымен өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Табиғи ресурстарды басқару – бейбітшілік, қауіпсіздік және өркендеудің негізі» тақырыбындағы жоғары деңгейдегі ашық пікірталастарына қатысты. Пікірталас табиғи ресурстарды тиімді басқару, қақтығыстардың алдын алу және орнықты дамуды қамтамасыз ету арасындағы өзара байланысты талқылауға арналды.
Өз сөзінде Тұрақты өкіл табиғи ресурстарды жауапты әрі ашық басқару халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудың маңызды шарты екенін атап өтті. Ол табиғи ресурстарды заңсыз пайдалану қарулы топтарды қаржыландыруға және қақтығыстардың созылуына ықпал ететінін, ал оларды тиімді басқару экономикалық өсімге, мемлекеттік институттарды нығайтуға және ұзақ мерзімді тұрақтылыққа негіз қалайтынын айтты.
Қ.Омаров табиғи ресурстарды басқару саласындағы Қазақстанның тәжірибесімен бөлісіп, еліміздің уран, көмірсутектер және аса маңызды минералдар өндіру бойынша әлемдегі жетекші мемлекеттердің бірі ретінде ашықтық пен есептілік қағидаттарын дәйекті түрде ілгерілетіп келе жатқанын атап өтті. Ол, әсіресе аса маңызды минералдарға жаһандық сұраныстың артуы жағдайында, шикізатты терең өңдеуді дамыту, технологиялар трансфері, кадрлар даярлау және жоғары қосылған құны бар өндірістерді құрудың маңыздылығына назар аударды.
Қазақстан өкілі сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының превентивтік дипломатия, бітімгерлік қызмет, санкциялық режимдер, сараптамалық мониторинг және әлеуетті арттыру бағдарламалары арқылы мемлекеттердің табиғи ресурстарды басқару тетіктерін нығайтуға жәрдемдесудегі маңызды рөлін атап өтті. Табиғи ресурстарды басқару үшін негізгі жауапкершілік егемен мемлекеттердің өздеріне тиесілі екені, ал халықаралық ынтымақтастық БҰҰ Жарғысының қағидаттарын, оның ішінде мемлекеттердің өз табиғи ресурстарына қатысты егемендігін толық құрметтеу негізінде жүзеге асырылуы тиіс екені ерекше атап өтілді.
Сөзінің қорытындысында Қ.Омаров Орталық Азиядағы тәжірибеге тоқталып, өңірлік диалог пен ынтымақтастықтың ортақ пайдаланылатын табиғи ресурстарды ықтимал шиеленіс көзі емес, сенімді нығайту мен орнықты дамудың құралына айналдыруға ықпал етіп отырғанын атап өтті. Қазақстанның бейбітшілік, қауіпсіздік және ортақ өркендеу мүддесінде табиғи ресурстарды ашық, есепті әрі орнықты басқару саласындағы халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетуге бұдан әрі де үлес қоса беруге дайын екенін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazakhstanun/press/news/details/1265004?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау