Қызылорда облысы Полиция департаментінің «102» жедел арнасына жыл басынан бері полиция көмегіне жүгінген 43 мыңға жуық хабарлама тіркелді. Оның ішінде кәмелетке толмаған балалардың жоғалып кеткені туралы да өтініштер тұрақты түрде түсіп отырады. Талдау көрсеткендей, мұндай жағдайлардың басым бөлігі балалардың ойын алаңдарында, сауда орындарында немесе қоғамдық орындарда ата-анасының қарауынсыз қалуы салдарынан орын алады. Кейбір ата-аналар баласының қайда жүргенін, кіммен бірге екенін тұрақты бақыламайды. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен балалардың құлап кету, балаларды үйде немесе автокөлікте қараусыз қалдыру фактілері де кездеседі. Қазіргі уақытта мектеп оқушыларының жазғы демалысы жалғасуда. Осы кезеңде балалардың су айдындарында, көшелерде және қоғамдық орындарда көбірек уақыт өткізетінін ескере отырып, олардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажет. Өкінішке қарай, жаз мезгілінде суға кету, жол-көлік оқиғаларына ұшырау және басқа да жазатайым оқиғалар тіркеліп жатады. Осыған байланысты Қызылорда облысының Полиция департаменті ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапкершілікпен қарауға шақырады. Полицияның негізгі ұсыныстары: балаларды қоғамдық орындарда қараусыз қалдырмаңыз; олардың қайда және кіммен жүргенін үнемі бақылаңыз; үйдегі терезелерге қорғаныс құрылғыларын орнатып, балаларды терезе маңында жалғыз қалдырмаңыз; балаларды көлікте немесе үйде жалғыз қалдырмаңыз; су айдындарында ересектердің қарауынсыз шомылуға жол бермеңіз; жол қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, олардың сақталуын қадағалаңыз. 📍Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Балалардың өмірі мен денсаулығы – бәрімізге ортақ құндылық. Әрбір ата-ананың қырағылығы мен жауапкершілігі ғана қайғылы оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді. Егер балаңыз жоғалып кетсе немесе оның өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төнген жағдайда уақыт оздырмай «102» арнасына хабарласыңыз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-kyzylorda/press/news/details/1265021?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау