Ұлттық алдын алу тетігі – азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жазалау түрлерінің алдын алуға бағытталған тәуелсіз жүйе. Ұлттық алдын алу тетігінің негізгі мақсаты – адамдар өз еркінен тыс ұсталатын мекемелерде олардың құқықтарының сақталуын тұрақты түрде алдын алу мақсатындағы барулар жүргізу арқылы қамтамасыз ету.
ҰАТ қатысушылары қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне, тергеу изоляторларына, ішкі істер органдарының арнаулы мекемелеріне, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға, арнаулы білім беру ұйымдарына, медициналық ұйымдарға, сондай-ақ азаматтар өз еркінен тыс болатын немесе өз бетінше кете алмайтын өзге де ұйымдарға барады.
Бару қорытындылары бойынша ҰАТ қатысушылары адам құқықтарының бұзылуының алдын алуға, ұстау жағдайларын жақсартуға және халықаралық стандарттардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған ұсынымдар әзірлейді.
ҰАТ қатысушысы кім бола алады?
Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің 2023 жылғы 27 қаңтардағы № 4 бұйрығымен бекітілген Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушыларды іріктеу қағидаларына сәйкес ҰАТ құрамына:
* қоғамдық байқау комиссияларының мүшелері;
* азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында қызметін жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері;
* заңгерлер;
* әлеуметтік қызметкерлер;
* дәрігерлер;
* сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл ұсынған және Үйлестіру кеңесінің шешімімен іріктелген өзге де тұлғалар енгізілуі мүмкін.
Сонымен қатар, кандидаттар заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес болуы тиіс. Атап айтқанда, өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар, қылмыс жасады деген күдікке ілінген немесе айыпталушы болып табылатын, сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдар, сондай-ақ судьялар, адвокаттар, мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері ҰАТ қатысушысы бола алмайды.
ҰАТ қатысушыларын қалыптастыруды Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесі жүзеге асырады. Бұл рәсім іріктеу туралы хабарландыруды жариялауды, кандидаттардың құжаттарын қабылдау мен қарауды және ҰАТ құрамына енгізу туралы шешім қабылдауды қамтиды.
Құжаттарды қабылдаудың басталу мерзімі мен іріктеуді өткізу тәртібі туралы ақпарат Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ресми ақпараттық ресурстарында қосымша жарияланатын болады.
Адам құқықтарын қорғау саласында білімі мен тәжірибесі бар, азаматтық қоғамның белсенді өкілдерін Ұлттық алдын алу тетігінің жұмысына қатысуға шақырамыз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman-pavlodar-oblysy/press/news/details/1265546?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау