Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні қарсаңында Жетісу облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Айналайын» балалар сауықтыру лагерінде профилактикалық іс-шара өткізді.
Кездесу ерекше форматта ұйымдастырылды. Полицейлер балалармен және тәрбиешілермен әңгімелесіп қана қоймай, оларға тәттілер таратып, ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатты. Осындай жылы атмосфера әрбір адамның қауіпсіздігіне қатысты маңызды тақырыпты еркін талқылауға мүмкіндік берді.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері адам саудасының қазіргі заманғы түрлері мен қылмыскерлердің адамдарды өз ықпалына тарту тәсілдері туралы айтып берді. Кәмелетке толмағандарды еңбекпен қанау қаупіне, жоғары жалақы уәде етілетін жалған жұмыс ұсыныстарына, ресми еңбек шартынсыз жұмысқа орналасудың қауіпіне, сондай-ақ жас қыздарды мәжбүрлі түрде тұрмысқа беруге итермелеу және өзге де арбау тәсілдеріне ерекше назар аударылды.
Лагерь тәрбиеленушілеріне бейтаныс адамдарға сенбеу, күмәнді ұсыныстарға келіспеу және жеке деректерін бөгде адамдарға бермеу қажеттігі түсіндірілді. Ал тәрбиешілерге балаларды заңсыз әрекеттерге тарту белгілерін дер кезінде байқап, мұндай жағдайларға бейжай қарамаудың маңыздылығы ескертілді.
Полицейлер адам саудасына байланысты қылмыстардың көп жағдайда оңай табыс, білім алу немесе жақсы өмір туралы жалған уәделерден басталатынын атап өтті. Сондықтан профилактика, құқықтық сауаттылық және балалармен ашық диалог жүргізу олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең тиімді тетіктерінің бірі болып табылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1266190?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау