Атырау облысында Мақат, Сағыз және Доссор станцияларының теміржол вокзалдарын реконструкциялау жұмыстары аяқталды.
Қайта жаңғырту барысында барлық нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстарының кешені орындалды: тірек конструкциялар, шатырлар мен қасбеттер жаңартылды, инженерлік желілер ауыстырылды, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді, іргелес аумақтар абаттандырылып, жаңа жиһаздар мен заманауи жабдықтар орнатылды.
1966 жылы салынған Мақат теміржол вокзалының аумағы қайта жаңғыртудан кейін 355,8 шаршы метрден 374,9 шаршы метрге дейін ұлғайды. Станция арқылы Маңғыстау, Бейнеу, Астана, Павлодар, Семей, Тараз, Шу, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Көкшетау, Бурабай курорты, Қостанай бағыттарына, сондай-ақ Ресей Федерациясына, Өзбекстан Республикасына және Тәжікстан Республикасына қатынайтын 26 жолаушылар пойызы жүреді.
Ал, 1973 жылы салынған Сағыз вокзалының аумағы 249 шаршы метрден 348 шаршы метрге дейін ұлғайды. Станция арқылы өңірді Маңғыстау, Бейнеу, Орал, Астана, Павлодар, Семей, Тараз, Шу, Шымкент, Түркістан, Атырау, Көкшетау, Бурабай курорты және Қостанай бағыттарымен байланыстыратын 12 жолаушылар пойызы қатынайды.
1966 жылы салынған Доссор теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін аумағын 249 шаршы метрден 348 шаршы метрге дейін ұлғайтты. Станция арқылы Алматы, Тараз, Шу, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Астана, Көкшетау, Қостанай бағыттарына, сондай-ақ Ресей Федерациясына, Өзбекстан Республикасына және Тәжікстан Республикасына қатынайтын 20 жолаушылар пойызы жүреді.
Үш вокзалды реконструкциялау барысында отандық өндірістің материалдары пайдаланылды. Жаңартылған нысандар қауіпсіздік, қолжетімділік және жайлылық талаптарына сәйкес келеді, бұл жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, кеше қайта жаңғыртудан кейін еліміздің бес өңірінде теміржол вокзалдары пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Атырау облысында — Мақат, Сағыз және Доссор станциялары, Алматы облысында — Шамалған және Қазыбек бек станциялары, Қарағанды облысында — Дария және Мырза станциялары, Қызылорда облысында — Сексеуіл станциясы және Қостанай облысында — Железорудная станциясы.
Нысандарды жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында іске асырылды. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру, көлік инфрақұрылымын дамыту және теміржол көлігі нысандарында қолайлы жағдай жасау.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kjvt/press/news/details/1265693?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау