Адам денсаулығы – ең қымбат құндылық. Оны сақтау – үлкен жауапкершілік пен жоғары кәсібилікті талап ететін маңызды міндет. Әр күн осында бір мақсатпен басталады – адамға сапалы медициналық көмек көрсету. Бірі нақты диагноз алу үшін келеді. Бірі күрделі отаға мұқтаж. Ал енді бірі – ауырсынусыз, толыққанды өмірге қайта оралу үшін жүгінеді. Бұл – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ведомстволық медицинасы.
Бұл – еліміздің барлық өңірінде медициналық көмек көрсететін, госпитальдар мен емханаларды және екі ведомстволық шипажайды біріктіретін заманауи медициналық жүйе.
Жыл сайын 356 мыңнан астам адам өз денсаулығын Ішкі істер министрлігінің ведомстволық медициналық ұйымдарына сеніп тапсырады. Олардың қатарында құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ардагерлер, олардың отбасы мүшелері және Қазақстан Республикасының азаматтары бар.
Ведомстволық медицинаның жетекші мекемесі – Ішкі істер министрлігінің Орталық госпиталі мен емханасы.
Мұнда дәрігерлердің мол тәжірибесі заманауи технологиялармен ұштасқан. Жоғары дәлдіктегі диагностика, мамандандырылған бөлімшелер, емдеудің озық әдістері мен жоғары технологиялық операциялар пациенттердің толыққанды өмірге қайта оралуына мүмкіндік береді.
Жамбас және тізе буындарын эндопротездеу, күрделі хирургиялық араласулар, жүрек-қан тамырлары, урологиялық, неврологиялық, проктологиялық және басқа да ауруларды емдеу – мұның бәрі жоғары кәсіби деңгейде жүзеге асырылады.
Әрбір сәтті емнің нәтижесінде – адамның саулығы, отбасының амандығы және қалыпты өмірге қайта оралу мүмкіндігі жатыр.
Алайда сапалы медицина тек заманауи жабдықтардан басталмайды. Оның негізі – адам.
Сондықтан дәрігерлердің біліктілігін арттыру – ведомстволық медицинаның басым бағыттарының бірі. Жаңа білім, заманауи әдістемелер, оқыту семинарлары мен ғылыми-практикалық іс-шаралар медициналық көмектің сапасын ұдайы жетілдіруге мүмкіндік береді.
Алайда емдеу науқас ауруханадан шыққан сәтте аяқталмайды.
Келесі маңызды кезең – денсаулықты қалпына келтіру.
Бұл міндетті Ішкі істер министрлігінің ведомстволық шипажайлары атқарады. Олардың есігі ішкі істер органдары қызметкерлеріне ғана емес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына ашық.
Алматы қаласындағы «Қазақстан» шипажайы тірек-қимыл аппараты ауруларынан кейінгі қалпына келтіру еміне маманданған. Мұнда заманауи оңалту әдістері табиғи минералдар мен микроэлементтерге бай минералды судың емдік қасиеттерімен тиімді ұштасады.
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында орналасқан «Арман» шипажайы асқазан-ішек жолы ауруларының, урологиялық патологиялардың және тірек-қимыл аппараты ауруларының алдын алу мен емдеуге маманданған. Емдеу негізін табиғи емдік қасиеттерімен кеңінен танылған әйгілі «Сарыағаш» минералды суы құрайды.
Екі шипажай да заманауи емдеу-диагностикалық базамен жабдықталған және денсаулықты қалпына келтіруге, аурулардың алдын алуға әрі өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді бағдарламаларды ұсынады.
Бүгінде Ішкі істер министрлігінің ведомстволық медицинасы еліміздің денсаулық сақтау жүйесімен бірге қарқынды дамып келеді. Денсаулық сақтау министрлігімен, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетімен және жетекші медициналық ұйымдармен бірлесіп, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде Ішкі істер министрлігінің ведомстволық медицинасы – заманауи технологиялар, білікті мамандар және үздіксіз даму.
Бұл – күн сайын адамдардың денсаулығын сақтауға, сырқаттан кейін сауығып, толыққанды өмірге қайта оралуына қызмет ететін сенімді жүйе.
Өйткені адамға деген қамқорлық – оның денсаулығына деген қамқорлықтан басталады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zko/press/news/details/1266337?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау