Астанадағы Мағжан Жұмабаев атындағы Халықаралық жоғары колледжі биылдан бастап алғаш рет «Жеке сүйемелдеуді ұйымдастыру (деңгейлеріне сәйкес)» білім беру бағдарламасы бойынша «Педагог-ассистент» біліктілігіне талапкерлерді қабылдай бастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жаңа мамандық Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға сапалы қолдау көрсету және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жүйесін жетілдіру жөніндегі мемлекеттік саясат аясында ашылып отыр.
Педагог-ассистент білім алушының оқу үдерісіне бейімделуіне, оқу әрекетін ұйымдастыруына, қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауына және өз бетінше әрекет ету дағдыларын дамытуына қолдау көрсететін маман. Бұл біліктілік техникалық және кәсіптік білім беру мамандықтары мен біліктіліктерінің жіктеуішіне енгізілген, ал педагог-ассистент лауазымы педагог қызметкерлер тізбесіне кіреді.
Бүгінде мектептерде, мектепке дейінгі ұйымдарда, инклюзияны қолдау кабинеттерінде, түзету және дамыту орталықтарында осындай мамандарға сұраныс артып келеді. Сондықтан колледж тәжірибеге бағытталған білім беру арқылы педагогика, психология және инклюзивті білім беру саласында білікті мамандар даярлауды көздейді.
Жаңа білім беру бағдарламасы балалардың жеке білім беру қажеттіліктерін ескеретін, қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға үлес қосады. Сонымен қатар болашақ түлектер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға кәсіби қолдау көрсетіп, педагогтермен және ата-аналармен бірлесіп жұмыс істей отырып, білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу сапасын арттыруға ат салысады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1266310?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау