Магниттік-резонанстық томография бөлімшесі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Алтай қаласында магниттік-резонанстық томография (МРТ) кабинетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа МРТ кабинеті мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен ашылды. Бұл – қайтарылған қаражаттың әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға және денсаулық сақтау жүйесін дамытуға тиімді бағытталып отырғанының айқын көрінісі.
Заманауи магниттік-резонанстық томографтың пайдалануға берілуі Алтай қаласы мен аудан тұрғындары үшін сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудағы маңызды қадам болды. Енді тұрғындар жоғары дәлдіктегі диагностикалық тексеруден тұрғылықты жерінде өте алады. Бұл ауруларды дер кезінде анықтауға, емдеуді уақтылы бастауға және көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Салтанатты ашылу рәсіміне медициналық қоғамдастықтың өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері және жұртшылық қатысты.
Іс-шараны ашқан Алтай ауданының әкімі Ренат Тілеуханұлы Құрмамбаев денсаулық сақтау саласын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, магниттік-резонанстық томография кабинетінің ашылуы аудан тұрғындары үшін үлкен маңызға ие, өйткені заманауи диагностикалық құрал-жабдықтар жоғары технологиялық медициналық көмекті өз ауданында алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл жобаның мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен жүзеге асырылғанын, ал бұл қаражат бүгінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталып отырғанын жеткізді.
Өз сөзінде аудан прокуроры Ержан Ерболұлы Рыспаев МРТ кабинетінің ашылуы мемлекетке қайтарылған активтердің қоғам игілігіне тиімді пайдаланылып жатқанының жарқын үлгісі екенін атап өтті. Ол бұл қаражаттың әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағытталуы денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететінін айтты.
Ауданаралық аурухананың бас дәрігері Олжас Зейноллаұлы Нүрекенов магниттік-резонанстық томография кабинетінің ашылуы медициналық ұйым мен ауданның денсаулық сақтау жүйесі үшін маңызды оқиға екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа МРТ аппараты аурухананың диагностикалық мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп, тексерулердің сапасы мен жеделдігін арттыруға, сондай-ақ аудан тұрғындарын жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол денсаулық сақтау саласына көрсетілген мемлекеттік қолдау үшін алғысын білдіріп, аурухана ұжымы жаңа құрал-жабдықты тиімді пайдаланып, әрбір тұрғынның сапалы диагностикалық көмек алуына бар күш-жігерін салатынын жеткізді.
Денсаулық сақтау саласының ардагерлері атынан Наталья Юрьевна Салиенко сөз сөйледі. Ол жобаның жүзеге асуына үлес қосқан барша азаматтарға шынайы алғысын білдіріп, медицина саласында еңбек еткен жылдары денсаулық сақтау жүйесіндегі оң өзгерістердің куәсі болғанын атап өтті. Оның айтуынша, заманауи магниттік-резонанстық томографтың іске қосылуы медицина қызметкерлері үшін де, аудан тұрғындары үшін де аса маңызды оқиға. Наталья Юрьевна аурухана ұжымына кәсіби табыс, ал жаңа құрылғыға халық игілігі жолында ұзақ жылдар бойы қызмет етуіне тілектестік білдірді.
Салтанатты түрде лентаны қию құрметі аудан медицинасының ардагерлері Наталья Юрьевна Салиенко мен Жүнісбек Қалымжанұлы Нұрскеновке берілді. Олар өңірдің денсаулық сақтау саласының дамуына ұзақ жылдар бойы сүбелі үлес қосқан азаматтар.
Ресми рәсімнен кейін қонақтар жаңа кабинетті аралап, заманауи жабдықтың мүмкіндіктерімен танысты. Мамандар магниттік-резонанстық томографтың жұмыс қағидаттары, техникалық сипаттамалары, ауруларды ерте анықтау мен тиімді ем жүргізудегі маңызы туралы жан-жақты ақпарат берді.
МРТ кабинетінің ашылуы ауданның денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырудағы маңызды қадам болды. Жаңа жабдық ауданаралық аурухананың диагностикалық мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп, тұрғындарды заманауи жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтамасыз етуге жол ашады және алдағы уақытта халық денсаулығын сақтауға, адам өмірін қорғауға ұзақ жылдар бойы қызмет етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-altay-altay/press/news/details/1266231?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version