Бүгін, 30 шілдеде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласындағы Азаматтарды қабылдау орталығында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау бекітілген кестеге сәйкес алдын ала жазылу және кезектілік тәртібімен өтті.
Қабылдау барысында өңір тұрғындары тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, жер қатынастары, кәсіпкерлікті дамыту және өзге де әлеуметтік маңызы бар мәселелерді көтерді.
Әрбір өтініш жан-жақты қаралып, көтерілген мәселелер бойынша облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдарға, сондай-ақ қала және аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берді. Өтініштерді жан-жақты зерделеп, қолданыстағы заңнама аясында қажетті шараларды қабылдау және олардың уақытылы орындалуын қамтамасыз ету міндеттелді.
Нұрдәулет Қилыбай азаматтардың өтініштерімен жұмыс атқарушы органдар қызметінің негізгі бағыттарының бірі әрі мемлекеттік қызмет тиімділігінің маңызды көрсеткіші екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір мәселе объективті қаралып, тұрғындармен ашық диалог орнатылып, заңнама талаптарына сәйкес нақты шешімдер қабылдануы қажет.
Өңір басшысы берілген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды, азаматтарды өтініштерінің қаралу барысы туралы уақтылы хабардар етуді және көтерілген мәселелерді шешуде мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануды тапсырды.
Азаматтарды жеке қабылдау тұрақты негізде өткізіліп келеді және халық пен мемлекет арасындағы тікелей байланыстың маңызды тетіктерінің бірі болып саналады. Бұл тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қоюға, мемлекеттік органдарға деген қоғамдық сенімді нығайтуға әрі азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1266349?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау