Қарағанды облысындағы Мойынты және Ақадыр станцияларының теміржол вокзалдарын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Жобаны іске асыру халыққа көрсетілетін көлік қызметінің сапасын арттыруға, жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға және теміржол инфрақұрылымы нысандарын жаңғыртуға бағытталған.
Реконструкция барысында екі вокзалда да шатырды монтаждау, ғимараттардың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары, кәріз, су, жылу және электрмен жабдықтау инженерлік желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, перрондар қайта жаңартылып, іргелес аумақ абаттандырылды. Вокзалдар заманауи жиһаз және жабдықтармен қамтамасыз етілді. Әрлеу жұмыстарында отандық өндірістің ұзақ мерзімге төзімді әрі өрт қауіпсіздігі талаптарына сай материалдары пайдаланылып, өрт қауіпсіздігі нормаларына сәйкес қосымша эвакуациялық шығу жолдары жабдықталды.
1936 жылы салынған Мойынты теміржол вокзалының жертөлесі бар екі қабатты ғимараты жаңғыртудан өтті. Нысанның жалпы ауданы 862,36 шаршы метрді құрайды. Вокзал I санатқа жатады. Станция арқылы тәулігіне 34 жолаушылар пойызы қатынайды. Олар Астана, Қарағанды, Балқаш, Семей, Көкшетау, Қызылорда, Шымкент, Түркістан, Тараз, Достық, Қостанай, Павлодар және Петропавл қалаларымен, сондай-ақ Ресей мен Қырғызстан бағыттарымен көлік қатынасын қамтамасыз етеді.
1936 жылы салынған Ақадыр теміржол вокзалының ауданы 595,4 шаршы метрді құрайтын қолданыстағы бір қабатты ғимараты сақтала отырып реконструкцияланды. Нысан III санатқа жатады. Станция арқылы тәулігіне 38 жолаушылар пойызы қатынайды. Олар Астана, Алматы, Қарағанды, Тараз, Шымкент, Түркістан, Павлодар, Қостанай, Көкшетау, Бурабай курорты, Петропавл, Семей және Аягөз қалаларымен, сондай-ақ Ресей мен Қырғызстан бағыттарымен көлік қатынасын қамтамасыз етеді.
Жүргізілген реконструкция жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, вокзалдарда болу жайлылығын жақсартуға және теміржол көлігінің қызметін пайдаланатын Қарағанды облысының тұрғындары мен қонақтары үшін заманауи әрі қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1266060?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау