Исламабад, 2026 жылғы 30 шілде – Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Елшісі Е.Қыстафин Пәкістанның ақпараттық технологиялар және телекоммуникациялар жөніндегі федералдық министрі Шаза Фатима Хаваджамен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар соңғы уақытта қол жеткізілген нәтижелерді оң бағалап, ақпараттық технологиялар және телекоммуникациялар саласындағы Қазақстан-Пәкістан өзара іс-қимылының дәйекті дамуын атап өтті.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың ағымдағы жылғы 3–4 ақпанда Исламабадқа жасаған мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды, оның ішінде ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен ПИР Ақпараттық технологиялар және телекоммуникациялар министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды іс жүзінде іске асыруға ерекше назар аударылды.
Екіжақты өзара іс-қимылдың практикалық нәтижелерінің бірі ретінде ағымдағы жылғы 6 шілдеде Гуджранвала қаласындағы GIFT университетінің базасында алғашқы Қазақстан-Пәкістан жасанды интеллект орталығының ашылуы атап өтілді. Сондай-ақ Astana Hub пен Ignite ұлттық технологиялық қоры арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, екі елдің IT-компаниялары мен стартаптары арасындағы тікелей байланыстарды кеңейту перспективалары қарастырылды.
Федералдық министр Пәкістан тарапының Қазақстанмен ынтымақтастықты тереңдетуге және екі елдің бейінді ведомстволары, даму институттары мен технологиялық компаниялары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға мүдделілігін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға және цифрлық технологиялар саласында өзара тиімді жобаларды іске қосуға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1265989?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау