Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының инспекторлары Денис Геккель мен Сергей Михайленко Челябі – Новосібір автожолында қиын жағдайға тап болған жүргізушіге көмек көрсетті.
Кешкі сағат 19:40 шамасында қызметке бара жатқан Денис Геккель аталған автожолдың 566-шақырымында жол жиегінде тоқтап тұрған Mazda автокөлігін байқаған. Анықталғандай, жүргізуші Ресей Федерациясынан Саумалкөл ауылына келе жатқан. Жолда көліктің артқы дөңгелегі жарылып, қосалқы дөңгелегі болмағандықтан, сапарын өз бетінше жалғастыра алмаған.
Полицей зақымданған дөңгелекті Булаево қаласына жеткізді. Онда оны әріптесі Сергей Михайленко мен дөңгелек жөндеу шебері күтіп алды. Дөңгелек жөнделгеннен кейін полиция қызметкерлері көлік тоқтап тұрған жерге қайта оралып, жүргізушіге дөңгелекті орнатуға көмектесті. Осыдан кейін азамат сапарын аман-есен жалғастырды.
Мұндай жағдайлар автожолдарда жиі кездескенімен, олардың басым бөлігі көпшілік назарына іліге бермейді. Полиция қызметкерлері үшін жол үстінде көмек көрсету – ерекше жағдай емес, күнделікті қызметтің ажырамас бөлігі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1266285?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау