ТҮРКІСТАН: ТЕМІР АУЫЛЫНДА ЖАҢА ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Темір ауылында аудан тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысан – жаңа темір жол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Темір ауылының темір жол тарихы 1904 жылдан бастау алады. Сол кезеңде салынған алғашқы вокзал өңірдің дамуына өзіндік үлесін қосса, бүгінде заман талабына сай бой көтерген жаңа вокзал халық игілігіне пайдалануға беріліп отыр.
Жобаның тапсырыс берушісі – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ. Жаңа вокзал ғимаратының жалпы ауданы 159,41 шаршы метрді құрайды. Заманауи талаптарға сай салынған нысан жолаушыларға сапалы әрі қолайлы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Шымкент магистральдық желі бөлімшесі филиалының директоры Байғазиев Нұрдаулет, аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, темір жол саласының ардагерлері, аудан тұрғындары мен қонақтар қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев:
«Темір жол – ел экономикасының күретамыры. Бүгін пайдалануға беріліп отырған жаңа вокзал – тұрғындардың игілігіне бағытталған маңызды жоба. Бұл нысан халыққа сапалы қызмет көрсетіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосады. Баршаңызды осы қуанышты оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!» – деп тұрғындарға ізгі тілегін жеткізді.
Сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Шымкент магистральдық желі бөлімшесі филиалының директоры Байғазиев Нұрдаулет жаңа вокзалдың өңір тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп, темір жол саласының дамуына тың серпін беретінін атап өтті.
Одан кейін құрметті қонақтар жаңа темір жол вокзалының лентасын салтанатты түрде қиып, нысанның ресми ашылуын жүзеге асырды. Қатысушылар жаңа вокзал ғимаратын аралап, жолаушыларға арналған күту залы, билет кассасы, қызмет көрсету орындары мен заманауи талаптарға сай жабдықталған инфрақұрылыммен танысты. Жаңа нысанның мүмкіндіктеріне оң бағаларын беріп, оның тұрғындарға сапалы әрі қолайлы қызмет көрсететініне сенім білдірді.
Іс-шара барысында темір жол саласының ардагері Сәрсенбеков Калхоз ақсақал ақ батасын беріп, жаңа нысанның халық игілігіне ұзақ жылдар бойы адал қызмет етуіне ақ тілегін арнады.
Жаңа вокзалдың пайдалануға берілуі – Темір ауылының көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам. Бұл нысан тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы сапар шегуіне қолайлы жағдай жасап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға өз үлесін қоса береді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1266139?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version