Жеті өңірде мәдени инфрақұрылым мен цифрлық жобалар дамып келеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде 2026 жылдың І жартыжылдығындағы Алматы, Шымкент қалаларының және Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Абай облыстарының мәдениет саласындағы жұмысының қорытындылары қаралды.

Шығыс Қазақстан облысында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестиваліне он ел мен өңірдің өкілдері қатысып, 50 мыңнан астам көрермен жиналды. Облыс музейлеріне 328,4 мың адам барып, 5,5 мыңнан астам экскурсия ұйымдастырылды. Қазір Шығыс Қазақстан өнер музейіне күрделі жөндеу жүргізіліп, «Берел» музей-қорығының визит-орталығының жобасы әзірленіп жатыр.

Алматыда мәдени іс-шаралар қаланың әр ауданында ұйымдастырылып келеді. IV Almaty Circus Festival фестиваліне 18 елдің өнерпаздары қатысып, оны 10 мың көрермен тамашалады. Қаланың жеті кітапхана филиалы тәулік бойы жұмыс істейді, ал «Алматы кітапханалары» қосымшасын 27 мыңнан астам адам пайдаланады. Қала күніне орай шығармашылық байқаулардың бірыңғай топтамасы әзірленді.

Абай облысында Жоғарғы Егінсу және Көкжыра ауылдарында 100 орындық екі ауылдық клуб ашылды. Бесқарағай ауданында тағы үш мәдениет нысанының құрылысы жүріп жатыр, оларды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Jana Klub жобасы аясында 109 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін 15 ауыл кітапханасы жаңғыртылып жатыр.

Қарағанды облысында «Оқитын ұлт» жобасы 67,8 мың адамды қамтып, пилоттық өңірлер арасындағы үздік нәтижені көрсетті. Алғаш рет өткен «BaiQymyz Қарқаралы – 2026» этно-гастрофестиваліне 20 мыңнан астам адам қатысты. Көкпекті ауылында жаңа клуб ашылып, қалалық архив ғимараты қайта жаңартылды. Нұра ауданында Өнер үйінің құрылысы жалғасып жатыр.

Қызылорда облысында жаңа драма театрының құрылысын бастауға дайындық жүргізіліп жатыр. Алғашқы Nartai Theatre Fest фестиваліне 4 мыңға жуық көрермен жиналды. 600 мың сақтау бірлігіне арналған тәулік бойы жұмыс істейтін Президенттік кітапхана жобасы жүзеге асырылып жатыр. Өңірде әзірленген Smart Archive цифрлық платформасы Архившілердің халықаралық конгресінде таныстырылды.

Түркістан облысында биыл 11 мәдениет үйін пайдалануға беру жоспарланған. Оның екеуі ашылып, тағы үшеуі пайдалануға беруге дайын. 17 мыңнан астам бала шығармашылық үйірмелерге тегін қатысады. Үш кәсіби театр 186 спектакль қойып, облыс аудандары мен еліміздің өзге өңірлерінде гастроль аясында өнер көрсетті. «ULYLARDYN OTANY» халықаралық симпозиумына жеті елден келген 26 суретші қатысты.

Шымкентте жеті қалалық театр 16 жаңа спектакль ұсынып, оларды 124 мыңнан астам көрермен тамашалады. Қалалық опера және балет театрының солистері Сиань мен Нагасаки қалаларында өткен халықаралық байқауларда жүлдеге ие болды. Ал Жастар театры Алжирдегі фестивальде «Антигона» спектаклін сахналады. Қазір жаңа опера және балет театрының жобасы әзірленіп, Мәдениет және өнер университетін ашу жұмыстары жүргізіліп келеді. Текесу тұрғын алабында жаңа мәдениет үйі ашылып, тағы 11 мәдениет нысанын жөндеу жобасы әзірленіп жатыр.

Отырыс барысында театрлардың электрондық есеп беру жүйесі, репертуардағы қазақстандық авторлардың шығармалары, ғылыми реставрация мамандарын даярлау, тарихи-мәдени мұраны сақтау және мәдени туризмді дамыту мәселелері талқыланды. Өңірлерге мәдени нысандарды кеңінен танытып, туристерге арналған бағыт-бағдар жүйесін жетілдіру тапсырылды.

Жылдың екінші жартысында «Шығыс салбұрыны – 2026» халықаралық бүркітшілер турнирі, «Аяз Ата, Ақшақар – 2026» фестивалі, Almaty Puppet Festival, «Көк-Төбе Опера» фестивалі, Voice of Turan халықаралық байқауы және театр, музыка мен көрме бағытындағы бірқатар жоба өткізу жоспарланған.

Жиын қорытындысы бойынша өңірлерге Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмаларын уақытылы орындау, жоспарланған жобаларды толық аяқтау және көтерілген мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылдау тапсырылды. Тапсырмалардың орындалуы Мәдениет комитетінің бақылауында болады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1266341?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version