Қарағанды облысында есірткі қылмысына қарсы күрес бағытындағы ауқымды арнайы операцияның нәтижесінде заңсыз айналымнан 215 келіден астам есірткі тәркіленді. Бұл – көшелерге таралмай қалған мыңдаған қауіпті доза және көптеген қылмыстың алдын алуға мүмкіндік берген маңызды нәтиже. Қарағанды облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері республикалық «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында аса ірі көлемдегі есірткі айналымымен айналысқан қылмыстық әрекеттің жолын кесті. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер есірткі құралдарын заңсыз сақтап, өткізді деген күдікпен 45 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынын ұстады. Жеке тінту және кейінгі тергеу әрекеттері кезінде одан есірткі заттары, электронды таразылар, қаптама материалдары мен есірткіні сатуға дайындағанын дәлелдейтін басқа да айғақ заттар тәркіленді. Алайда жедел жұмыстар мұнымен тоқтаған жоқ. Қосымша жүргізілген әзірлеме барысында тәртіп сақшылары есірткінің ірі партиясы жасырылған тағы бір қойманы анықтады. Санкцияланған тінту кезінде бұл жерден де көп мөлшерде тыйым салынған заттар табылып, заңсыз айналымнан алынды. Алдын ала мәлімет бойынша, тәркіленгендердің ішінде 15 келіге жуық гашиш пен 150 келіден астам марихуана бар. Осылайша заңсыз айналымнан алынған есірткінің жалпы салмағы 180 келідей, бұл Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аса ірі көлем болып саналады. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеушілер есірткінің жеткізілу, сақталу және өткізілу арналарының барлығын анықтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Қарағанды облысы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес «Заң және тәртіп» қағидатын іске асырудағы негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтеді. Тәркіленген әрбір келі есірткі – құтқарылған тағдыр. Заңсыз айналымнан алынған 180 келідей есірткі – жастардың қолына түспеген, көшелерге таралмаған және адам өмірін жалмайтын мыңдаған қауіпті доза. Бұл – алдын алынған қылмыстар, сақталған отбасылар және адам қайғысынан пайда табатын қылмыстық топтарға берілген кезекті ауыр соққы. Полиция азаматтарға есірткі құралдарын заңсыз сақтау, тасымалдау, дайындау немесе өткізуге қатысты кез келген әрекет қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қою және оны ұйымдастырушыларды жауапкершілікке тарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1266821?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау