Бас штаб бастығы «Батыл тойтарыс-2026» оқу-жаттығуына дайындықты тексерді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Гвардейск гарнизонына жұмыс сапарымен барып, стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындық барысын тексерді.

Генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров «Мәтібұлақ» полигонында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Ержан Ибраев пен оның орынбасарларының дайындықтың негізгі бағыттары бойынша баяндамаларын тыңдады. Жұмыс барысында оқу-жаттығудың практикалық кезеңдерін ұйымдастыруға, бөлімшелердің әзірлігіне және бұған дейін қойылған тапсырмалардың орындалуына ерекше назар аударылды.

Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров пен Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмадиев цифрлық штаб пен отандық қорғаныс-өнеркәсіптік кешен кәсіпорындарының көрме алаңын аралап көрді.

Кәсіпорын өкілдері заманауи әзірлемелер мен оларды Қарулы күштерде қолдану мүмкіндіктері туралы баяндады. Бас штаб бастығы байланыс құралдары мен ұшқышсыз авиациялық жүйелерге ерекше назар аударып, өндірілетін өнім заманауи талаптарға сай, сапалы әрі сенімді болуы қажеттігін атап өтті.

Полигондағы жұмыс аяқталғаннан кейін генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров 21450 әскери бөліміне барып, кеңес өткізді. Жиын барысында дайындықтың барлық бағыттары бойынша нақты міндеттер айқындалып, іс-шараларды аяқтау мерзімдері белгіленді және стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуды сапалы өткізуге бағытталған тапсырмалар берілді.

21450 әскери бөлімінде генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров тәуліктік нарядта тұрған әскери қызметшілермен әңгімелесті. Ол сарбаздардың қызмет жағдайына, дайындық деңгейіне және әскери-есептік мамандық негіздерін меңгеруіне қызығушылық танытты. Әсіресе, бөлімнің зениттік дивизионының зенитші атқышы қатардағы жауынгер Николай Виниченконың сауатты жауаптарын жоғары бағалады. Әскери борышын адал атқарып, жоғары дайындық деңгейін көрсеткені үшін әскери қызметші 10 тәулікке демалыспен марапатталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1266710?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version