Ғасырлық тарихы бар Шұбарқұдық вокзалы заманауи келбетке ие болды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Шұбарқұдық теміржол станциясының вокзалы күрделі жөндеуден кейін жолаушыларға қайта есігін айқара ашты. Жаңартылған нысан ауданның көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының бір бөлігіне айналып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Вокзалдың ашылу салтанаты Көлік қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылды. Іс-шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері, сала ардагерлері мен Темір ауданының тұрғындары қатысты.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев көлік инфрақұрылымын дамыту халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ақтөбе облысында жеті теміржол вокзалына күрделі жөндеу жүргізілуде. Бүгін біз өңірдегі маңызды көлік нысандарының бірі – Шұбарқұдық станциясының жаңартылған вокзалын пайдалануға беріп отырмыз. Бұл жоба Темір ауданы тұрғындары үшін үлкен маңызға ие және облыс инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамыту жұмыстарының бір бөлігі», – деді Асылбек Есенбаев.

Ол теміржол саласының қызметкерлерін, ардагерлерін және аудан тұрғындарын вокзалдың ашылуымен құттықтап, жобаның жүзеге асуына үлес қосқан «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі және мердігер ұйым – «Төре жилкомплекс» ЖШС алғыс білдірді.

Қайта жаңғырту жұмыстары барысында вокзал ғимараты толықтай жаңартылды. Ғимараттың қасбеті мен шатыры жөнделіп, инженерлік желілер ауыстырылды, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді, вокзал маңы абаттандырылды. Ішкі бөлмелер жаңа жиһаздармен және заманауи жабдықтармен жабдықталды.

Күрделі жөндеуден кейін вокзалдың жалпы аумағы екі есеге жуық ұлғайып, 111 шаршы метрден 207 шаршы метрден астам аумаққа жетті. Мұнда жаңартылған билет кассалары, кең күту залы, санитарлық тораптар, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы бөлмелер қарастырылған. Сонымен қатар, станция қызметкерлерінің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалды.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі» филиалы директорының орынбасары Айбек Таласов вокзалдарды жаңғырту жұмыстары жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және өңірдің теміржол инфрақұрылымын дамытуға бағытталғанын тілге тиек етті.

Шұбарқұдық бекетінің бастығы Алтай Абдуллиннің айтуынша, ол бұл нысанда 2017 жылдан бері еңбек етіп келеді және жөндеуден кейін вокзалдың келбеті түбегейлі өзгерген.

«Мұнда жаңа жабдықтар орнатылып, жұмыс бөлмелері жаңартылды, заманауи жүйелер енгізілді. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Енді жолаушылар қызметтерді жайлы жағдайда алып, пойыздарын ыңғайлы күте алады әрі қажетті инфрақұрылымды толық пайдаланады», – деді ол.

Бүгінде станцияда екі ауысыммен 14 қызметкер жұмыс істейді. Шұбарқұдық арқылы ауданды еліміздің ірі қалаларымен байланыстыратын жолаушылар пойыздары қатынайды.

Теміржол саласының ардагерлері үшін жаңартылған вокзал – олардың еңбек жолымен тығыз байланысты тарихи нысанның жаңа тыныс алуы. Олардың айтуынша, ондаған жыл ішінде теміржол саласы айтарлықтай өзгерді, ал вокзалдағы заманауи жағдайлар қызметкерлер мен жолаушылар үшін маңызды жетістікке айналды.

Аудан тұрғындары да оң өзгерістерді жоғары бағалады. Олардың пікірінше, күрделі жөндеуден кейін вокзал жарық, кең әрі жолаушыларға қызмет көрсету мен пойыз күтуге анағұрлым қолайлы болды.

«Төре жилкомплекс» ЖШС директоры Қанат Даулетов жөндеу жұмыстары кезінде ғимараттың аумағын кеңейтуге және қолжетімді орта қалыптастыруға ерекше мән берілгенін айтты.

«Жөндеу барысында ғимараттың аумағы ұлғайтылып, қасбеті, инженерлік желілері мен жарықтандыру жүйесі толық жаңартылды. Жаңа кассалық жабдықтар, жиһаздар мен техникалар орнатылды. Бұған дейін болмаған мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы жағдайлар жасалды. Барлық жұмыс вокзалды заманауи талаптарға сәйкестендіруге бағытталды», – деді ол.

Жаңартылған Шұбарқұдық теміржол вокзалы өңірдегі ең көне теміржол тораптарының бірінің тарихын жаңа деңгейде жалғастыруда. Енді ол теміржол саласының бай дәстүрі мен жолаушыларға қызмет көрсетудің заманауи стандарттарын үйлестірген маңызды нысанға айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1267023?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version