Ақмола облысындағы “Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру орталығының базасында 500-ге жуық баланың қатысуымен “Қауіпсіз аумақ” квест-фестивалі өтті.
Іс-шара “Заң мен Тәртіп” қағидатын іске асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі бекіткен “Заң мен Тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі” іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылды.
Фестивальдің квест форматындағы бағдарламасы қатысушыларға қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын ойын және тәжірибелік тапсырмалар арқылы бекітуге мүмкіндік берді. Дәстүрлі сабақтардың орнына балаларға командалық сайыстар, интерактивті тапсырмалар және жеке әрі қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне арналған тақырыптық алаңдар ұйымдастырылды.
“Жас инспектор”, “Құтқарушы”, “Алғашқы көмек”, “Қауіпсіз жол”, “Қауіпсіз интернет”, “Заң білгірлері” және “Топтық” атты жеті тақырыптық алаңда балалар жол қозғалысы ережелері, өрт қауіпсіздігі, интернеттегі қауіпсіздік қағидалары, алғашқы медициналық көмек көрсету негіздері бойынша білімдерін жетілдіріп, жауапкершілік, қарым-қатынас жасау және командада жұмыс істеу дағдыларын дамытты.
Квест-фестивальге бес команда қатысты. Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, оларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина ашты.
Қатысушыларға арнаған сөзінде ол қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастырудың, өз құқықтары мен міндеттерін білудің, сондай-ақ өз өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қараудың маңыздылығына тоқталды.
– Сіздердің қауіпсіздіктеріңіз, денсаулықтарыңыз бен амандықтарыңыз – біздің басты басымдығымыз. Бүгін алған білімдеріңіз бен дағдыларыңыз дұрыс шешім қабылдауға, заң талаптарын сақтауға, өздеріңізге және айналаңыздағы адамдарға қамқор болуға көмектеседі, – деді Құралай Карина.
Іс-шараға сондай-ақ Ақмола облысы полиция департаментінің қызметкерлері, төтенше жағдайлар бөлімшелерінің мамандары, медицина қызметкерлері, “Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру орталығының тәлімгерлері, қоғам белсенділері қатысты.
Осындай іс-шараларды өткізу кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға, командалық өзара іс-қимылды дамытуға, сондай-ақ балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының және қоғамдық бірлестіктердің өзара ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етеді.
“Қауіпсіз аумақ” квест-фестивалі өскелең ұрпақтың бойында қауіпсіз мінез-құлық дағдылары мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1266747?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау