Мойынты теміржол вокзалы толық жаңартылып, пайдалануға берілді
Шет ауданының Мойынты станциясындағы теміржол вокзалын қайта жаңарту жұмыстары толық аяқталды. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде іске асырылды.
1936 жылы салынған тарихи вокзал ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жаңартылды. Жалпы аумағы 778,5 шаршы метрді құрайтын нысанмен қатар, вокзалдың іргелес аумағы мен екі жолаушылар платформасы да толықтай жаңғыртылды.
Жаңарту жұмыстары барысында күту залдары жаңа жиһаздармен жабдықталып, заманауи желдету және ауа баптау жүйелері орнатылды. Сонымен қатар ақпараттық стендтер жаңартылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды.
Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді орта қалыптастырылып, ана мен бала бөлмесі мен бейімделген санитарлық тораптар пайдалануға берілді. Сондай-ақ заманауи дауыс зорайтқыш байланыс жүйесі орнатылып, перронның жарықтандыру жүйесі жаңартылды. Қызметкерлерге арналған бөлмелер де толықтай ретке келтірілді.
Вокзалдың жаңғыртылуына үлес қосқан мамандарға аудан әкімінің орынбасары Қ. Садықов алғыс білдіріп, құттықтауын жеткізді.
Тәулігіне 34 жолаушылар пойызын қабылдайтын Мойынты станциясы бүгінде халыққа заманауи талаптарға сай, қауіпсіз әрі жайлы қызмет көрсетуге толық дайын. Жаңартылған вокзал өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға өз үлесін қоспақ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-shet-mointy/press/news/details/1266479?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау