Қарағанды облысының бірден екі командасы Астанада өтетін «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирінде Қазақстанның намысын қорғайды.
«Фиджитал-футбол» дисциплинасында UEL Team және Academy of Cyber Football Allur (ACF Allur) командалары жүлделі орындар үшін бақ сынайды. Бұл – бір өңірден шыққан екі ұжымның бір мезгілде фиджитал спортынан өтетін ең ірі халықаралық жарыста ел намысын қорғауы бойынша алғашқы жағдай.
«Болашақ ойындары» дәстүрлі спортты, киберспортты және заманауи технологияларды біріктіреді. Биылғы турнирге әлемнің 34 елінен 800-ден астам спортшы қатысуда. «Фиджитал-футбол» дисциплинасында командалар алдымен футбол симуляторында өзара кездессе, кейін жасыл алаңда ойынды жалғастырады. Жеңімпаз екі кезеңнің қорытынды нәтижесі бойынша анықталады.
Қарағанды облыстық киберспорт федерациясының президенті Евгений Набиулиннің айтуынша, UEL Team – елдегі ең мықты команда.
– Команда құрамында сегіз адам бар: киберспортшылар мен футболшылар. Алдымен төрт ойыншы цифрлық кезеңде өнер көрсетеді, кейін бес ойыншы футбол алаңына шығады. Осындай формат жарысты ерекше тартымды етеді: жанкүйерлер әуелі виртуалды матчта командаға жанкүйер болса, кейін нақты ойында қолдау көрсетеді. Екі кезеңге де дайындық бірдей жоғары деңгейде жүргізіледі, – деді ол.
UEL Team турнирге оны қабылдаушы ел – Қазақстанның өкілі ретінде жолдама алды. Команда құрамына халықаралық деңгейдегі ойыншылар енгізілген. Олардың қатарында Қарағанды облысының тумасы, Қазақстан футзал құрамасының ойыншысы Арнольд Кнауб бар. Ол – УЕФА Чемпиондар лигасының финалисі және Еуропа чемпионатының қола жүлдегері.
Academy of Cyber Football Allur командасы халықаралық іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, турнирге қатысу құқығына ие болды. Топтық кезеңде UEL Team Аргентина құрамасымен кездессе, ACF Allur Бразилия командасына қарсы ойнайды.
Евгений Набиулин Қарағанды облысының өкілдері ең жоғары нәтижелер үшін күресе алатынына сенімді.
– Біздің мақсат – тек жеңіс. Егер жоспарлағанымыздың бәрін жүзеге асыра алсақ, турнирде топ жаруға толық мүмкіндігіміз бар. Басқа нәтижені тіпті қарастырмаймыз. Бәсекелестік өте жоғары болады, тіпті Абу-Дабиде өткен ойындарға қарағанда да күшті, – деді ол.
Бүгінде киберспорт әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан цифрлық индустриялардың бірі саналады. Оның танымалдығы инновациялық технологиялардың, жарыс форматының және көрермендердің жоғары қызығушылығының үйлесуімен түсіндіріледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1266975?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау