2026 жылғы 28–30 шілде аралығында Ташкент қаласында (Өзбекстан Республикасы) БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) және Дүниежүзілік кеден ұйымының Жолаушылар мен жүк тасымалын бақылау жөніндегі жаһандық бағдарламасы шеңберінде серіктес елдердің 11-ші жыл сайынғы жоғары деңгейдегі өңіраралық кездесуі өтті.
Іс-шараға БҰҰ ЕҚБ, Дүниежүзілік кеден ұйымының және ИРЕН желісіне серіктес елдердің кеден әкімшіліктерінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Қазақстан кедендік әкімшілендіруді цифрлық трансформациялау нәтижелерін және оны әрі қарай дамытудың негізгі бағыттарын таныстырды. Тәуекелдерді басқару жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізуге, орталықтандырылған қашықтан кедендік бақылауды дамытуға, ұлттық таргетинг орталығын құруға, уәкілетті экономикалық операторлар институтын жетілдіруге, сондай-ақ халықаралық көлік дәліздері, соның ішінде Орталық дәліз бойынша тауарлардың қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Мемлекеттік кірістер комитеті Бас диспетчерлік басқармасының презентациясы қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Қазақстан өткізу пункттерінің жұмысына тәулік бойы мониторинг жүргізуді, тексеріп-қарау кешендерінің деректерін талдауды, кедендік тексеріп-қарауды сүйемелдеуді, электрондық декларацияларды орталықтандырылған түрде шығаруды және бақылау шараларын үйлестіруді қамтамасыз ететін қолданыстағы орталықтандырылған қашықтан кедендік бақылау жүйесін таныстырды.
Ұсынылған шешімдер кездесуге қатысушылар тарапынан жоғары бағаланып, кеден органдарының қызметіне заманауи цифрлық технологияларды енгізудің сәтті мысалдарының бірі ретінде атап өтілді.
Кездесудің басты тақырыптарының бірі — ИРЕН желісі шеңберінде таргетинг орталықтарын дамыту болды. Қатысушылар тәуекелдерді басқаруда жасанды интеллект пен аналитикалық құралдарды қолдануды, халықаралық ақпарат алмасуды кеңейтуді, сондай-ақ кеден әкімшіліктері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту үшін Таргетинг орталықтарының Консультативтік кеңесін құру мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушы елдердің ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға дайындығы расталды. Негізгі басымдық үздік тәжірибелермен алмасуға, заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге, кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруға, халықаралық жеткізу шынжырларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және есірткі, қару-жарақ пен басқа да тыйым салынған тауарлардың заңсыз айналымына қарсы әрекет етуге бағытталады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1266815?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау