ШҚО-да туризм бойынша екі ірі жобаны іске асыру жоспарлануда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Pana Asia Шығыс Қазақстанда жалпы құны 35 млрд теңгені құрайтын екі жобаны – «Pana Katon Karagay» және «Шығыс Қазақстан облысының мультимодальды маршруттары» жобаларын іске қосады.

Pana Asia компаниясы Шығыс Қазақстан облысында бірден екі жобаны – аумағы 70 шаршы шақырым болатын «Pana Katon Karagay» кентін және өңірдің мультимодальды көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған «Шығыс Қазақстан облысының мультимодальды маршруттары» жобасын іске қосатынын жариялады. Екі жобаға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 35 млрд теңгені құрайды. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде өңір тұрғындары үшін 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Pana Asia – Қазақстанда және өзге де елдерде жұмыс істейтін халықаралық қонақжайлылық операторы. Компания қонақүй желілерін басқарумен, қонақүйлер салумен және құрылыс жобаларын басқарумен, бутик-қонақүйлерді дамытумен айналысады.

Сондай-ақ экотуризм саласындағы жобаларды жүзеге асырады. Қазіргі таңда компанияның қоржынында үш елде 21 жоба бар, оның 12-сі құрылыс кезеңінде. Компанияның стратегиялық мақсаты – Қазақстанның 17 облыс орталығы мен 32 туристік локациясын қамту.

Бүгінде компанияның визит-орталықтары еліміздің бес ұлттық паркінде ашылған, тағы екеуі салынуда. Қонақүйлер бес облыс орталығында бой көтеріп жатыр. Солардың алғашқысы Семей қаласында 135 жылдық диірмен ғимаратында ашылды.

«Шығыс Қазақстан облысының мультимодальды маршруттары» жобасы

 Компанияның пікірінше, туризм саласының дамуын тежейтін негізгі факторлардың бірі – логистика. Қазақстан аумағы көлемі жағынан бес Франциямен шамалас болғандықтан, мультимодальды көлік жүйесінсіз туристік ағынды кеңейту мүмкін емес.

Осы міндетті шешу үшін «Шығыс Қазақстан облысының мультимодальды маршруттары» жобасы пысықталуда. Ол өңірдің теміржолын, кеме қатынасын, автомобиль жолдарын және шағын авиациясын біріктіретін бірыңғай туристік көлік экожүйесін құруды көздейді. Жоба «Алтай – Катонқарағай – Марқакөл – Зайсан» шеңбер бағытын, «Өскемен – Бұқтырма» учаскесін, Ертіс арқылы Зайсан мен әуежайға дейінгі круизді қамтиды.

Жоба туристік аймақтардың көлік қолжетімділігін арттыруға, ішкі және келу туризмін дамытуға, дербес туристік өнім қалыптастыруға бағытталған. Жобаға салынатын инвестиция көлемі – 47,5 млн АҚШ доллары (25 млрд теңге), іске асыру мерзімі – 2028 жылға дейін.

«100 QONAQJAI AUYL» бағдарламасы

Компанияның пікірінше, саланың тағы бір өзекті мәселесі – ауылдық аумақтардың инфрақұрылымы. Оны шешу үшін «100 QONAQJAI AUYL» бағдарламасы ұсынылды. Бағдарлама бес жыл ішінде 100 ауылды дамытуға бағытталған және тұрғындар мен инвесторлар арасындағы табысты 50/50 қағидаты бойынша бөлуді көздейді.

Бағдарлама елдің алты өңіріне шоғырланған. Бұл аймақтарда ұлттық парктердің 65%-ы, ауыл халқының 63%-ы және Қазақстандағы туристік ағынның 54%-ы орналасқан. Күтілетін нәтиже – туризмнің ЖІӨ-дегі үлесін 3,3%-дан 5–5,5%-ға дейін арттыру және 2032 жылға қарай бюджетке қосымша 250–300 млрд теңге көлемінде салық түсімдерін қамтамасыз ету.

Бағдарламаның пилоттық жобасы Түркістан облысының Құтарыс ауылында іске қосылды. Мәлімделген 20 млн АҚШ доллары көлеміндегі инвестицияның 3 млн доллары қазірдің өзінде игерілген.

Pana Katon Karagay жобасы

Аумағы 70 шаршы шақырым болатын жаңа Pana Katon Karagay кенті осы атаумен белгілі қазіргі елдімекеннің жанынан «100 QONAQJAI AUYL» бағдарламасы аясында үш бағыт бойынша – инфрақұрылым, экономика және әлеуметтік даму негізінде салынады.

Жоба Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында халықаралық деңгейдегі көпфункционалды туристік-аграрлық және рекреациялық кластер құруды көздейді. Ол ішкі және келу туризмін, рекреацияны, білім беруді және белсенді демалысты дамытуға бағытталған.

Жоба аясында аспалы жол, глэмпингтер, ашық аспан астындағы кинотеатрлар, атпен жүретін туристік бағыттар және бірыңғай сәулеттік құрылыс коды қарастырылған. Инвестиция көлемі – 10 млрд теңге, іске асыру мерзімі – 2030 жылға дейін.

– Pana Katon Karagay – экология, туризм және өңірді дамыту тоғысындағы ұзақ мерзімді инвестициялық жоба. Қазақстанның табиғи әрі мәдени артықшылықтары бірегей. Алайда әлемде турист үшін бәсекелестік артып келеді, сондықтан жедел әрекет ету қажет, – деп атап өтті компания өкілдері.

Pana Asia – қонақжайлылық саласындағы халықаралық компания. Компания қонақүй желілерін басқарумен, қонақүйлер салумен және құрылыс жобаларын басқарумен, бутик-қонақүйлерді дамытумен айналысады. Сондай-ақ экотуризм саласындағы жобаларды жүзеге асырады.

Дереккөз: Pana Asia

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1266665?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version