Түркістан қаласында тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жаңа спорт кешендері жақын күндері ел игілігіне беріледі. Осыған орай қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының аяқталу барысы мен пайдалануға дайындығын тексерді.
Алдымен қала басшысы Баянауыл шағынауданындағы Қобыз көшесінде бой көтерген мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт кешенінде болды. Ерекше қажеттілігі бар балалардың спортпен жүйелі шұғылдануына арналған бұл нысанда барлық қажетті жағдай жасалған. Мұнда заманауи жаттығу залы, үстел теннисіне арналған алаңдар және бейімделген спорттық инфрақұрылым қарастырылған.
Сондай-ақ, Теріскей көшесінде орналасқан жаңа спорт кешенінің де дайындық жұмыстарымен танысты. Кешенде күрес пен бокс залдары, футбол және әмбебап ойын алаңдары, сондай-ақ, заманауи жаттығу залы орналасқан. Нысан келушілердің қауіпсіздігі мен қолайлығын қамтамасыз ететін барлық талаптарға сәйкес жабдықталған.
Нысандарды аралау барысында Әзімбек Пазылбекұлы жауапты сала басшыларына құрылыс жұмыстарын сапалы, белгіленген мерзімде аяқтауды, балалардың қауіпсіздігіне, санитарлық талаптардың сақталуына және кешендердің толық заманауи болуына ерекше назар аударуды міндеттеді.
– Спорт нысандары – өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтып қана қоймай, болашақ чемпиондардың қалыптасуына жол ашатын маңызды орталықтар. Сондықтан әрбір нысан сапалы, қауіпсіз әрі тұрғындарға қолайлы болуы тиіс, – деді қала әкімі.
Бүгінде Түркістан қаласында тұрғындарға тұрақты қызмет көрсететін 265 спорт нысаны бар. Оның ішінде 2 спорт сарайы, 3 стадион, 5 спорт кешені, 6 жүзу бассейні және 18 теннис корты халық игілігіне пайдаланылып келеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1266373?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау