ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТАРЫ САЙЛАУЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТАРЫ САЙЛАУЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Ағымдағы жылғы 31 шілде күні Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының кеңейтілген кеңесінде 2026 жылғы
23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын ұйымдастыру және өткізу мәселелері қаралды.

Кеңеске облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері мен аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысып, аумақтық сайлау комиссиялары төрағаларының сайлауға дайындық барысы туралы есептері тыңдалып, бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

Кеңес барысында сайлауды әзірлеу барысында атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер айқындалды.

Кеңес отырысында сайлау учаскелерінің дайындығына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, барлық сайлау учаскелеріндегі телефон және интернет байланысының сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сайлау күні ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасау міндеттелді. Анықталған кемшіліктерді жою үшін байланыс операторларымен және жауапты мекемелермен бірлескен жұмыстар жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар, сайлаушыларды ақпараттандыру барысында бірқатар міндеттер белгіленді. Аумақтық сайлау комиссияларына сайлаушыларға шақыру қағаздарын тарату жұмыстары бекітілген алгоритмге сәйкес жүргізіліп, сайлаушыларға сайлау учаскесінің орналасқан жері, учаске шекараларындағы өзгерістер және дауыс беру тәртібі туралы толық ақпарат беру тапсырылып, бұл жұмыстарды тиімді ұйымдастыру мақсатында учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің, волонтерлердің және полиция қызметкерлерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету жүктелді.

Сайлау инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері де назардан тыс қалмады. Жаңадан құрылған және шекарасы өзгертілген сайлау учаскелері туралы ақпаратты азаматтарға уақытылы жеткізу, сайлау учаскелеріндегі маңдайшалар мен ақпараттық тақтайшалардың талапқа сәйкестігін тексеру, қажет болған жағдайда оларды жаңарту тапсырылды.

Бұдан бөлек, сайлау комиссияларының толық құраммен жұмыс істеуін қамтамасыз ету, комиссия құрамдарындағы бос орындарды заңнама талаптарына сәйкес толықтыру, сайлау учаскелерін қажетті полиграфиялық өнімдермен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Кеңес барысында мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге ерекше мән берілді. Осы бағытта құрылған жұмыс тобының қызметін жүйелі түрде ұйымдастыру, азаматтардың сайлау процесіне кедергісіз қатысуына жағдай жасау және атқарылған жұмыстарға тұрақты мониторинг жүргізу міндеттелді.

Сондай-ақ, сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту мәселесіне де басымдық берілді. Аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған семинарларға резервте тұрған азаматтардың қатысуын қамтамасыз ету, оқу процесін сапалы ұйымдастыру, семинар өтетін орындардың техникалық дайындығын қамтамасыз ету міндеттері белгіленді.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша барлық жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалу мерзімдері айқындалды.

         Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1266907?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version