ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР ЖЕТІСАЙДАҒЫ «ТӘУЕЛСІЗДІККЕ 20 ЖЫЛ» КАНАЛЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында вице-премьер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге Жетісай ауданындағы «Тәуелсіздікке 20 жыл» каналының №1 және №2 сорғы станцияларында болды.
Мұнда өңірдегі вегетациялық кезеңнің өту барысы, су ресурстарын тиімді пайдалану және суармалы алқаптарды ағын сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Сондай-ақ каналдың қазіргі техникалық жай-күйі мен оны жаңғырту қажеттілігі жөнінде баяндалды.
«Тәуелсіздікке 20 жыл» каналы мен №1 және №2 сорғы станциялары 2009-2011 жылдары Шардара су қоймасынан су көтеріп, «Достық» магистральдық каналы арқылы келетін су көлемі жеткіліксіз болған жағдайда қосымша су жеткізу мақсатында салынған. Каналдың ұзындығы – 15,9 шақырым, су өткізу қабілеті – секундына 60 текше метр. Жүйеде 12 сорғы агрегаты орнатылған.
Қазіргі таңда каналдың жекелеген учаскелерінің техникалық жағдайы нашарлап, су өткізу мүмкіндігі төмендеген. Осыған байланысты каналды күрделі жөндеуден өткізу, қалған 10,1 шақырымын бетондау және жобалық қуатын қалпына келтіру қажеттілігі туындап отыр. Бұл 60 мың гектарға жуық суармалы алқапты тұрақты сумен қамтамасыз етіп, канал бойындағы тұрғын үйлер мен өзге де нысандардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сапар қорытындысында вице-премьер суару маусымын сапалы ұйымдастыру, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және диқандарды ағын сумен тұрақты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1267154?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау