Ақадыр кентінде күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалы салтанатты түрде пайдалануға берілді. Бұл – кент тұрғындары мен теміржол саласы қызметкерлері үшін көптен күткен, өңірдің инфрақұрылымын дамытудағы маңызды оқиға.
Салтанатты рәсімге Шет ауданының әкімі Мұхтаров Мұхит Сайлауұлы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Қарағанды магистральдық желі бөлімшесі» филиалының басшысы Ибраев Марат Омарұлы, ардагер теміржолшы, жергілікті қоғамдастық төрағасы Сеитов Нұрлан Ахмедияұлы қатысып, жиналған қауымды айтулы оқиғамен құттықтады. Өз сөздерінде олар теміржол саласының ел экономикасындағы маңызына тоқталып, жаңғыртылған вокзалдың тұрғындар мен жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуде үлкен рөл атқаратынын атап өтті.
Іс-шара барысында аудан әкімі Мұхтаров Мұхит Сайлауұлы мен «Қарағанды магистральдық желі бөлімшесі» филиалының басшысы Ибраев Марат Омарұлы жаңа вокзалдың лентасын салтанатты түрде қиып, ұлттық дәстүрге сай шашу шашылды.
Жаңғырту жұмыстары аясында вокзал ғимараты толықтай жаңартылып, заманауи талаптарға сай жабдықталды. Сонымен қатар вокзал аумағы толық абаттандырылып, қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді.
Жаңартылған теміржол вокзалы – өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға серпін беретін, халыққа сапалы қызмет көрсетуге бағытталған маңызды әлеуметтік нысан. Бұл игі бастама Ақадыр кентінің көркеюіне өз үлесін қосып, тұрғындар мен қонақтарға қолайлы әрі заманауи қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-shet/press/news/details/1267579?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау