Астанада фиджитал спорт түрлерінен өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі әлемнің түкпір-түкпірінен спортшылардың, жанкүйерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін бір арнаға тоғыстырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Турнир аясында шетелдік қонақтарға «Сіз үшін «Заң мен тәртіп» ұғымы нені білдіреді?» деген сауал қойылды.
Ресейдің Мәскеу қаласындағы НТВ телеарнасының спорт шолушысы Кирилл Кикнадзе заң мен тәртіпті қоғамның тұрақтылығы мен дамуының басты тірегі деп бағалады.
«Заң мен тәртіп – өмірдің негізгі қағидаларының бірі. Егер адамның өмірінде тәртіп пен ереже болса, ол жетістікке жетеді. Ал онсыз кез келген істе жеңіліске ұшырауы мүмкін. Әр адам өзін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезінгенде ғана үйлесім мен тұрақтылық сақталады», – деді ол.
Ресейден келген жанкүйер Валентин Началов заңды сақтау – өзінің өмірлік қағидасы екенін атап өтті.
«Заңға құрметпен қарау – қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықтың негізі», – деді ол.
Ал Оңтүстік Кореядан келген қонақтың пікірінше, заң мен тәртіп – ережелерді бұзбау және адамдардың бір-бірімен үйлесімде өмір сүруі.
Бразилиялық тележурналист Джан Лука болса, заң мен тәртіптің жаһандық маңызын ерекше атап өтті.
«Заң мен тәртіп – әлемде бейберекетсіздіктің болмауына мүмкіндік беретін маңызды қағида», – деді ол.
Ресейдің Башқұртстан Республикасынан келген жанкүйер Муслимнің айтуынша, заң – ережені бұзбай өмір сүру болса, тәртіп – тазалықты сақтау, қоршаған ортаны аялау және күн тәртібін ұстану.
Шетелдік қонақтардың пікірлері заңға құрмет пен қоғамдық тәртіптің кез келген елдің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігінің маңызды негізі екенін тағы бір мәрте айқындай түсті.
#законипорядок #заңментәртіп
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1267996?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау