Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков бұқаралық ақпарат құралдары мен қалалық медиа қауымдастық өкілдерімен кездесу өткізді. Ашық диалог барысында ауданды дамытудың негізгі бағыттары, басым міндеттер және қоғамдық кеңістіктерді одан әрі абаттандыру жоспарлары талқыланды.
Кездесуді аша отырып, Азамат Қалдыбеков мемлекеттік органдардың қызметін объективті жариялауда, сондай-ақ ашықтық пен айқындық қағидаттарын жүзеге асыруда бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды рөлін атап өтті.
Кездесудің басты тақырыбы ауданды дамыту жоспарлары болды. Әкім аулалар, саябақтар, гүлзарлар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, тұрғын үй қорын жаңғырту, жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту, көгалдандыру және тұрғындар үшін жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған алдағы жобалар туралы баяндады.
Сонымен қатар, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, заманауи қалалық инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіз әрі қолайлы қоғамдық кеңістіктерді құруға бағытталған жобаларды іске асыру мәселелеріне, оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан бастамаларға ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында медиа өкілдері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасып, аудан әкімдігі жұмысының өзекті бағыттары бойынша жан-жақты жауаптар алды. Ашық әрі сындарлы жағдайда өткен кездесу жергілікті атқарушы органдар мен журналистер қауымдастығы арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.
Бостандық ауданының әкімдігі алдағы уақытта да ашықтық қағидаттарын ұстана отырып, ауданның орнықты дамуына бағытталған жобалардың іске асырылуы мен қабылданып жатқан шешімдер туралы тұрғындар мен бұқаралық ақпарат құралдарын тұрақты түрде хабардар етіп отырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-bostandyk/press/news/details/1267327?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау