Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында өңір жастарымен кездесті. Кездесу басталмастан бұрын ұлы жырау, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Тұлға рухына тағзымнан кейін Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаевтың қатысуымен өңірдің шығармашыл жастарымен «Жамбылдың жастары жырлайды» атты тағылымды кездесуі өтті. Кездесуге Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай да қатысты.
Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай рухани мазмұнға құрылған басқосу қонақтардың орталық қызметімен танысуынан басталды. Фойеде Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған музей қорындағы құнды жәдігерлер көрмесі мен кітап инсталляциясы көпшілік назарына ұсынылып, LED экраннан ұлы ақын туралы деректі фильм көрсетілді. Сонымен қатар, орталық жанындағы үйірмелердің өнерпаздары ұлттық өнердің үздік үлгілерін паш етіп, жиынның рухани атмосферасын айшықтай түсті.
Кездесуде дәстүрлі әнші, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Бекарыс Көштаев модераторлық етті. Жиынның негізгі бөлігінде сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев Жамбыл Жабаевтың халқымыздың рухани тарихындағы айрықша орнына тоқталып, ақын мұрасын өскелең ұрпақтың бойына сіңірудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ, Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбеков, Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман мазмұнды ойларын ортаға салды.
Кездесу барысында Жамбыл Жабаевтың әдеби мұрасы мен ұлттық өнердің сабақтастығы кеңінен дәріптелді. Қатысушылар қазақ киносының алтын қорына енген «Жамбыл» көркем фильмінен арнайы дайындалған үзіндіні тамашалап, ақынның өмір жолы мен шығармашылық болмысын көркем туынды арқылы тағы бір мәрте зерделеді. Тағылымды кештің көркемдік желісі дәстүрлі әнші, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Бекарыс Көштаевтың орындауындағы Жамбыл Жабаевтың «Жыр бастау» шығармасымен жалғасты. Күйші Дидар Басығараев ұлы ақынның «Ұлы Отанға» күйін орындап, көпшілік қазақтың күй өнерінің терең болмысын сезінді.
Жамбылдың ақындық мектебінің бүгінгі жалғасын танытып жүрген жас қаламгерлер де өз шығармаларын ортаға салды. Бауыржан Асқарұлы Жамбыл Жабаевқа арнаған өлеңін көпшілікке ұсынса, Арайлы Жақсылық авторлық «Ұлы дала монологы» туындысын оқыды. Сонымен қатар Ернұр Абухас ақынның «Жиырма бес» шығармасын нақышына келтіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Жиын соңында ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, жастар ұлттық әдебиет пен мәдениеттің бүгінгі даму үрдісі, шығармашылық ізденіс және рухани құндылықтарды дәріптеу мәселелері төңірегінде ой бөлісті. Еркін форматтағы кездесу жастардың азаматтық белсенділігі мен шығармашылық әлеуетін танытқан маңызды диалог алаңына айналды. Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған тағылымды кездесу ұлы ақынның әдеби мұрасын жаңа буын санасында жаңғыртып, ұлттық руханияттың сабақтастығын нығайтуға бағытталған мазмұнды іс-шара болды.
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-cultura-arhiv/press/news/details/1267453?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау