Батыс Қазақстан облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салуға 17,7 млрд теңге бағытталды.
Бұл есептегі жай ғана сан емес. Бұл – ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысын жақсартып жатқан ауруханалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер (ФАП) және ауыз су құбырлары.
Бүгінгі таңда осы қаражат есебінен жалпы құны 4,9 млрд теңгені құрайтын 23 нысан пайдалануға берілді, тағы 4 жоба жүзеге асырылу кезеңінде.
Пайдалануға берілген нысандардың бірі – Сырым ауданының Шағырлой ауылындағы жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт. Ауыл тұрғындары жарты ғасырға жуық уақыт бойы 1979 жылы салынған, қазіргі заман талаптарына мүлде сәйкес келмейтін ғимаратта медициналық көмек алып келген.
Бұған дейін тұрғындар медициналық көмек алу үшін ауа райына, тәулік уақытына және денсаулық жағдайына қарамастан аудан орталығына дейін 22 шақырым жол жүруге мәжбүр болатын.
Енді сапалы медициналық қызмет ауыл тұрғындары үшін қолжетімді болды. Қазіргі таңда жаңа медициналық пункттің қызметін ауылдың 623-тен астам тұрғыны пайдаланып отыр.
Жобаның жалпы құны 337,8 млн теңгені құрады. Оның ішінде 136 млн теңге мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қалыптастырылған Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінді. Бұрын заңсыз айналымнан шығарылған бұл қаражат бүгінде халықтың игілігіне қызмет етуде.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жаңа медициналық пункттің ашылуы – көптен күткен маңызды оқиға. Ол ауылдағы медициналық көмектің қолжетімділігіне қатысты көпжылдық мәселенің шешілуіне мүмкіндік берді.
Бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы мен құрылыс жұмыстарының барысы прокуратура органдарының тұрақты бақылауында. Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылатын жобалардың әрбір кезеңі жіті қадағаланады.
Шағырлой ауылының мысалы мемлекетке қайтарылған активтердің мыңдаған азаматтың өмір сүру сапасын жақсартуға нақты үлес қосып жатқанын айқын көрсетеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-zko/press/news/details/1267278?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау