Мемлекет басшысының жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемін 1,5 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, саланы дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша жаңартылатын энергия көздері нысандарында өндірілген электр энергиясының көлемі 8,6 млрд кВт·сағатқа жетіп, бұл елдегі электр энергиясының жалпы өндіріс көлемінің 7%-ын құрайды.
Салыстыру үшін айтар болсақ, 2022 жылы жаңартылатын энергия көздері нысандарында өндірілген электр энергиясының көлемі 5,11 млрд кВт·сағатты құраса, оның елдің жалпы энергетикалық теңгеріміндегі үлесі 4,5% болған. Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасы белгіленген межеден асыра орындалды: жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр энергиясының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 1,7 еседен астам өсті.
Қол жеткізілген нәтижелер «жасыл» энергетиканы дамытуға бағытталған дәйекті мемлекеттік саясаттың арқасында мүмкін болды. Өсімнің негізгі факторларының қатарында жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іріктеу бойынша аукциондарды өткізу, салаға инвестициялар тарту, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері нысандарын пайдалануға беру бар.
2025 жылы жалпы қуаты 503,5 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 9 нысаны пайдалануға берілді. Биыл жалпы қуаты 245 МВт болатын жаңартылатын энергия көздері саласындағы 10 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 4 жел электр станциясын, 5 күн электр станциясын және 1 су электр станциясын пайдалануға беру көзделген.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-nadezhdin/press/news/details/1267338?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау