Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалымен бірлесіп, 2026 жылғы 20 шілде мен 3 тамыз аралығында «Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізудің практикалық аспектілері» тақырыбында оқыту семинарларын өткізді.
Аталған семинарлар Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясымен бекітілген оқыту жоспарына сәйкес үш кезеңде ұйымдастырылуда. Бірінші кезеңде аумақтық сайлау комиссияларының құрамында кәсіби тұрақты негізде қызмет атқаратын комиссия мүшелері оқытылса, екінші кезеңде аумақтық сайлау комиссияларының басқа мүшелері және учаскелік сайлау комиссияларынан комиссия төрағалары, төраға орынбасарлары және хатшылары оқытылды.
Семинардың негізгі мақсаты – сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығын жетілдіру, дауыс беру процесін заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру, алқалылық, жариялылық және ашықтық қағидаттарының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерді түсіндіру арқылы олардың құқықтық сауаттылығы мен практикалық дағдыларын арттыру.
Оқыту барысында сайлау комиссияларының өкілеттіктері, сайлау рәсімдерін ұйымдастырудың құқықтық негіздері, дауыс беру күні комиссиялардың жұмыс тәртібі, сайлау құжаттарын рәсімдеу және өзге де практикалық мәселелер жан-жақты қарастырылды.
Одан әрі, семинардың үшінші кезеңінде 2026 жылғы 3 – 13 тамыз аралығында Атырау қалалық және аудандық аумақтық сайлау комиссиялары каскадтық оқыту әдісі арқылы төмен тұрған учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерін оқытуды жалғастырады.
Жалпы, облыс бойынша электоралдық оқытумен барлық сайлау комиссияларының құрамындағы 2101 адам қамтылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1267974?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау