Өрт қаупі жоғары кезеңнің өту барысы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің төрағалығымен өткен Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысында қаралды.
ШҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Мейрембековтің мәліметінше, өрт қаупі жоғары кезең басталғалы мемлекеттік орман қоры аумағында 49 орман өрті тіркелген.
Өрттердің саны артқанына қарамастан, тілсіз жау шарпыған жалпы аумақ небәрі 100 гектарды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен екі есеге аз.
Орман өрттерінің негізгі себебі – найзағай.
Отырыста табиғи өрттерді сөндіру кезіндегі авиациялық қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында екі өрт ошағын сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Оған орман күзеті қызметкерлері мен авиация жұмылдырылған
«Аптап ыстық орнап, найзағай соққанда авиациялық қолдаудың болмауы орман өрттерінің ірі көлемге таралу қаупін бірнеше есе арттырады. Сондықтан әуе техникаларын тарту туралы шешімдер барынша жедел қабылдануы тиіс. Ал оларды қаржыландыру мәселесі өртті сөндіру барысында емес, алдын ала шешілуі қажет», – деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Мейрембеков.
Өңірдегі қазіргі жедел ахуал туралы ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рашид Блялов баяндады.
Оның айтуынша, маусым басталғалы облыста жалпы аумағы 81,6 гектарды қамтыған кемінде 47 орман өрті тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орман өрттерінің саны 2,6 есеге артқанымен, от шарпыған аумақ көлемі 2,3 еседен астам қысқарған. Бұл өрт ошақтарын ерте анықтау және оларды жедел оқшаулап, сөндіру жұмыстарының тиімділігі артқанын көрсетеді.
Сонымен қатар дала өрттерінің саны да көбейген. Маусым басынан бері осындай 66 оқиға тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 69 пайызға өскен.
Өрт қаупі әсіресе Ұлан, Самар, Зайсан және Тарбағатай аудандарында жоғары деңгейде сақталып отыр. Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері аймақтың кей жерлерінде ауа температурасы 40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.
«Табиғи өрттердің саны артқанына қарамастан, оларды дер кезінде анықтау мен жедел әрекет етудің арқасында тілсіз жау шарпыған аумақтарды едәуір қысқартуға мүмкіндік туды. Дегенмен өрт қаупі жоғары кезеңнің ең күрделі бөлігі әлі алда. Сондықтан барлық күштер мен құралдар жоғары дайындық режимінде жұмысын жалғастыруда», – деді ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов.
Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар департаментінің, орман шаруашылығы мекемелерінің және басқа да жұмылдырылған қызметтердің күштері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өрт қаупі жағдайын тұрақты бақылауда ұстау, авиациялық мониторингті күшейту, табиғи өрттердің алдын алу, оларды дер кезінде анықтау және жою мақсатында профилактикалық жұмыстар мен ведомствоаралық өзара іс-қимылды жандандыру міндетін қойды.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1267999?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау