Абай облысында Ашық есік күні ұйымдастырылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Курчатов қаласы полиция бөлімінде азаматтарды ішкі істер органдарындағы қызметке тарту, құқық қорғау саласының беделін арттыру және бос лауазымдарды білікті мамандармен толықтыру мақсатында Ашық есік күні өткізілді. Іс-шара полиция қызметінің ерекшеліктерімен таныстыруға, мемлекеттік қызметтің маңыздылығын кеңінен насихаттауға және тұрғындармен ашық диалог орнатуға бағытталды.

Ашық есік күніне қала тұрғындары, жоғары және арнаулы оқу орындарының түлектері, жастар және құқық қорғау саласында еңбек етуге ниетті азаматтар қатысты. Іс-шара барысында полиция бөлімінің қызметкерлері қатысушыларға ішкі істер органдарына қабылдау тәртібі, үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптары, конкурстық іріктеу кезеңдері, медициналық және психологиялық тексерулерден өту ерекшеліктері туралы жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар келушілерге полиция қызметкерлерінің күнделікті атқаратын міндеттері, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы қызметі, заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтаудағы жауапкершілігі туралы кеңінен ақпарат берілді. Қатысушылар қызмет өткеру шарттары, еңбек және әлеуметтік кепілдіктер, тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндіктері, еңбекақы жүйесі, кәсіби даярлықтан өту, біліктілікті арттыру курстары мен мансаптық өсу перспективалары жөнінде толық мәлімет алды.

Іс-шара аясында бос жұмыс орындарының тізімі ұсынылып, әрбір үміткердің білімі мен кәсіби дайындығына сәйкес қызметке орналасу мүмкіндіктері түсіндірілді. Полиция бөлімінің мамандары келушілердің сұрақтарына жеке-жеке жауап беріп, құжаттарды рәсімдеу тәртібі мен қабылдау кезеңдеріне қатысты практикалық кеңестер ұсынды.

Ашық әрі еркін форматта өткен кездесу жастардың құқық қорғау органдарындағы қызметке деген қызығушылығын арттырып, полиция қызметінің қоғам үшін маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар мұндай кездесулер халық пен полиция арасындағы өзара сенімді нығайтып, азаматтардың мемлекеттік қызметке деген оң көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.

Іс-шара барысында балалар мен жастар полиция қызметкерлерімен еркін пікір алмасып, өздерінің болашақ мамандық таңдауы мен құқық қорғау саласына қатысты ойларымен бөлісті. Қатысушылардың бірі:

«Полиция қызметкері болу – үлкен жауапкершілік пен батылдықты талап ететін мамандық екенін түсіндік. Осындай кездесулер арқылы олардың күнделікті еңбегімен жақынырақ танысып, бұл мамандыққа деген қызығушылығымыз арта түсті. Болашақта ел қауіпсіздігі жолында қызмет еткім келеді», – деп өз әсерімен бөлісті.

Өз кезегінде полиция қызметкерлері жастардың қызығушылығы мен белсенділігіне ризашылықтарын білдіріп, құқық қорғау саласында адалдық, әділдік және Отанға қызмет ету басты құндылықтар екенін атап өтті.

«Біздің басты мақсатымыз – қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халыққа адал қызмет көрсету. Осындай Ашық есік күндері жастардың полиция қызметінің мәні мен маңызын тереңірек түсінуіне мүмкіндік береді. Болашақта арамыздан білікті, кәсіби және елжанды мамандардың шығатынына сеніміміз мол», – деді полиция бөлімінің қызметкерлері.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1268677?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version