Алматыда қай аудандарда жаңа мектептер мен балабақшалар салынады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматыда 1 930 оқушы орнына арналған бес жаңа мектеп пен 800 балаға арналған үш балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар қалада Алғабас шағынауданында колледж, екі Оқушылардың шығармашылық орталығы салынып, қолданыстағы білім беру ұйымдарын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта №16, №112 және №170 мектептерге қосымша ғимараттар салынуда. Олар пайдалануға берілгеннен кейін тағы 900 оқушы орны ашылады. Сонымен қатар 10 мектеп пен 2 балабақшада қайта жаңғырту және сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілуде.

«Жыл басынан бері Алматыда жеті білім беру нысаны пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Зерделі шағынауданында 550 орындық мектеп, Шұғыла шағынауданында 340 орындық мектеп-интернат, Құрамыс, Жас Қанат және Қалқаман шағынаудандарында жалпы 820 орындық үш балабақша, сейсмикалық күшейтіліп қайта жаңғыртылған №10 бөбекжай-балабақшасы және Саялы шағынауданындағы Оқушылардың шығармашылық орталығы ашылды. Жыл соңына дейін тағы 15 нысанды аяқтау жоспарланып отыр. Оның ішінде Зерделі шағынауданында және Еңбек көшесінде жалпы 890 орындық екі мектеп, №16, №112 және №170 мектептерге 900 орындық үш қосымша ғимарат, тоғыз мектепті қайта жаңғырту және сейсмикалық күшейту, сондай-ақ Тілендиев көшесінде балабақша салу көзделген» – деді басқарма басшысы.

Қазіргі уақытта 14 нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар №87 мектепке 300 орындық қосымша ғимарат салу және №112 мектепті қайта жаңғырту жобалары мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Аталған нысандардағы құрылыс-монтаж жұмыстары қазан айында басталады.

Бұдан бөлек, Алматыда білім беру саласы бойынша тағы 16 жоба іске асырылуда. Олардың қатарында екі Оқушылардың шығармашылық орталығын, балабақшаларды салу, Физика-математика мектебін және өзге де нысандарды қайта жаңғырту жобалары бар. Сондай-ақ 20 нысан бойынша, оның ішінде 18 мектепке дейінгі және 2 орта білім беру ұйымына қатысты жобалық құжаттама дайындалуда. Мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін олардың құрылысын 2027 жылы бастау жоспарланып отыр.

Нұрбол Нұрсағатов мектептерді жаңғырту бағдарламасына да тоқталды. Оның айтуынша, 2027 жылдың соңына дейін Алматыда 31 білім беру ұйымын жаңғырту жоспарланған. Қазіргі уақытта алты нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, екі нысан бойынша конкурстық рәсімдер өтіп жатыр, ал тағы 14 нысанға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1268346?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version