Бүгін ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-министрдің тапсырмасымен Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келді. Ақтөбе қаласындағы теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталу кезеңіне жетті. Қазіргі таңда нысанның құрылыс дайындығы – 95 пайыз.
Еске салсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде 124 вокзал жаңғыртылуда. Оның негізгі мақсаты – көлік инфрақұрылымын заман талабына сай жаңартып, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, қауіпсіз әрі жайлы жағдай қалыптастыру. Ақтөбе қаласының теміржол вокзалы – осы бағдарлама аясында жаңартылып жатқан маңызды нысандардың бірі.
Нұрлыбек Нәлібаев облысқа жұмыс сапары барысында вокзалдағы атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, жобаның уақытылы әрі сапалы аяқталуына қатысты нақты тапсырмалар берді.
Вокзал ғимараты толық жаңғыртылып, ішкі бөлмелері қайта жабдықталуда, инженерлік желілер ауыстырылып, перрон мен вокзал маңы абаттандырылуда. Бүгінде ғимараттың іргетасы, қаңқасы, шатыры және қасбеті толық аяқталған. Қазір ішкі әрлеу, инженерлік жүйелерді орнату, перронды ретке келтіру және аумақты көркейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Құрылыс-монтаж жұмыстарын 20 тамызға дейін толық аяқтау жоспарлануда.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жауапты мекеме басшыларына құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуын тұрақты бақылауда ұстауды да міндеттеді.
Сонымен қатар ол вокзал алдындағы алаң мен перронды аралап, жаңартылған нысанның айналасындағы аумақты да кешенді түрде ретке келтіру қажеттігін алға тартты. Вокзал маңындағы ғимараттардың сыртқы келбетін біріздендіріп, аумақты толық абаттандыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді. Оның айтуынша, жаңартылған вокзал тек ішкі жайлылығымен ғана емес, сыртқы сәулеттік келбетімен де қазіргі заман талаптарына сай болуы тиіс.
Жалпы Ақтөбе облысында жеті теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Атап айтқанда, Ақтөбе, Қандыағаш, Шалқар, Жем, Алға, Шұбарқұдық және Қарауылкелді станцияларындағы вокзалдар кезең-кезеңімен жаңартылуда. Қазіргі уақытта Шалқар мен Шұбарқұдық вокзалдарындағы құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Қалған нысандарда жұмыстар жалғасып жатыр. Жобалардың жалпы құны 10,5 миллиард теңгеден асады.
«Вокзалдар – өңірдің келбетін айқындайтын маңызды нысандар. Сондықтан оларды заманауи талаптарға сай жаңғырту тұрғындардың жайлылығын арттырып қана қоймай, өңірдің көлік әлеуетін де күшейтеді. Барлық жұмыс аяқталғаннан кейін облыс тұрғындары мен қонақтары сапалы қызмет көрсететін, қолайлы әрі заманауи вокзалдарды пайдалана алады», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1268026?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау