Пастереллез адам үшін несімен қауіпті?

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Үй жануарлары, тіпті сүйікті үй жануарыңыздың өзі сырт көзге мүлде сау көрінгенімен, түрлі инфекциялардың көзі болуы мүмкін. Сондай аурулардың бірі – пастереллез. Көпшілік бұл дерт туралы естімегенімен, үй жануарын асырайтын әрбір адам оның қауіптілігі жайында білуі қажет.

Пастереллез – Pasteurella туысына жататын бактериялар қоздыратын жұқпалы ауру. Адам бұл инфекцияны жануар тістегенде, тырнағанда немесе оның сілекейі зақымданған теріге түскен жағдайда жұқтыруы мүмкін.Бұл бактериялар көбіне мысықтар мен иттердің, қояндардың, ірі және ұсақ қара малдың, шошқалардың және құстардың ауыз қуысында әрі тыныс алу жолдарында кездеседі. Алайда жануардың өзі мүлдем сау болып көрінуі және ешқандай ауру белгісін көрсетпеуі мүмкін.

Жұқтыру көбінесе мынадай жағдайларда болады: мысық немесе ит тістеген кезде,жануардың сілекейі жұққан тырнақпен тырнағанда,жануардың сілекейі жарақаттанған теріге немесе ашық жараға түскенде,ауыл шаруашылығы жануарларымен қорғаныш құралдарынсыз тығыз байланыста болғанда.

Пастереллез адамнан адамға жұқпайды.

Бұл инфекция несімен қауіпті – алғашында жануардың тістеуі немесе аз ғана тырнауы қауіпті емес болып көрінуі мүмкін. Алайда бірнеше сағаттан немесе бірнеше күннен кейін жараның айналасы қызарып, ісініп, ауырып, терінің қызуы жоғарылап, ірің пайда болуы ықтимал.

Егер дер кезінде дәрігерге қаралмаса, инфекция тереңдеп, буындарды, сүйектерді, сіңірлерді, тіпті қанға да таралуы мүмкін. Ауыр жағдайда қанның жұқпалы зақымдануы – сепсис дамуы ықтимал.

Егер сізді мысық немесе ит тістесе не қатты тырнап алса,жараны бірден 10–15 минут бойы сабынды сумен молынан жуыңыз. Жараның шеттерін антисептикпен өңдеңіз. Терең жараны дәрігердің кеңесінсіз өз бетіңізше таңып немесе жапсырып қоймаңыз. Жарақат жеңіл көрінсе де, мүмкіндігінше тезірек медициналық ұйымға жүгініңіз.

Дәрігер инфекция жұқтыру қаупін бағалап, қажет болған жағдайда ем тағайындайды, сондай-ақ құтыру мен сіреспенің алдын алу қажеттілігін анықтайды.

Есте сақтаңыз: жануарлардың көпшілік тістеуі жараны уақытылы өңдеп, медициналық көмекке дер кезінде жүгінген жағдайда асқынусыз аяқталады. Өздігінен емделуге немесе «өзі жазылып кетеді» деп күтуге болмайды. Қарапайым әрі уақытылы қабылданған шаралар ауыр асқынулардың алдын алып, денсаулығыңызды сақтауға көмектеседі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-kostanay/press/news/details/1268084?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version