ШҚО-ның шетелге экспорт көлемі биыл 1,5 млрд АҚШ долларын құрады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Жиын барысында өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің экспорты 7 млрд долларға жеткені айтылды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 37 пайызға артқан.

«Экспорттың жартысынан астамын өңдеу деңгейі жоғары өнімдер құрайды. Бұл елдегі қайта өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар астық экспорты да айтарлықтай өскен. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдері Марокко, Алжир, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам және бірқатар Еуропа елдерінің нарығына шықты. Бұдан бөлек, Әзербайжан, Грузия және Түркияға экспорттық жеткізілімдер қайта жанданды», – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

 Майлы дақылдарды өңдеу саласы өнімдерінің экспорты да тұрақты өсіп келеді. 2025 жылдың қорытындысында күнбағыс майының экспорты 41 пайызға ұлғайса, тазартылған күнбағыс майының экспорты 2,1 есеге артып отыр.

Бұл бағыттағы жұмыстар Шығыс Қазақстанда да қарқынды жүргізілуде. ШҚО Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2026 жылғы қаңтар-мамыр айларында облыстың экспорт көлемі 1,5 млрд АҚШ долларын құрады.

Өнеркәсіп өнімдерінің негізгі экспорттық бағыттары – Қытай, Түркия, Германия, Ресей және АҚШ. Бұл елдерге кен, кен және мырыш концентраттары, түсті, сирек және бағалы металдар мен олардың туындылары, бекіткіш арматура және конденсаторлар экспортталады.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі экспорттық нарықтары – Орта Азия елдері, Қытай, Ресей және Латвия. Бұл бағыттарға күнбағыс және мақсары майы, бидай мен меслин, күнжара, арпа, күнбағыс тұқымы және мал азығы жеткізіледі.

Өңірдің негізгі экспорттаушылары қатарында «Казцинк», «ҮМЗ», «Өскемен титан-магний комбинаты», «УКЗПА», «УККЗ», «Сей-Нар», «Алтын Шығыс», «ВостокЭкоЛайн» компаниялары бар.

(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1268772?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version