Түркістан қаласында туризм және демалыс инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалардың бірі – «Turan» аквапарк-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жалғасуда.
Қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы құрылыс алаңын аралап, нысандағы жұмыстардың барысымен танысты. Құрылыс өкілдерімен кездесіп, жобаның жүзеге асу қарқынын, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен қауіпсіздік шараларын және алдағы жоспарларды талқылады.
Қазір құрылыс алаңында 160 жұмысшы еңбек етуде. Жалпы аумағы 11,7 гектарды құрайтын жоба үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде келушілерді қабылдау және тіркеу аймағы, киім ауыстыратын бөлмелер, бассейндер, су аттракциондары мен айналмалы аквапарк қарастырылған.
Кешен толық іске қосылғанда жылына 200 мыңға дейін келушіні қабылдай алады. Кейінгі кезеңдерде отбасылық демалыс аймақтары, қонақүй, мейрамхана, алып толқын бассейндері, заманауи су аттракциондары және басқа да демалыс инфрақұрылымы салынады.
Жоба толық аяқталған соң 67 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Қала әкімі құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, тиісті жұмыстарды қажетті салалармен бекітіп, жобаның әр кезеңін белгіленген талаптарға сай орындауды тапсырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1268770?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау