Ақтауда отандық химия өнімдерін өндіретін заманауи зауыт жұмыс істейді
Ақтау қаласында еліміздің мұнай-газ, тау-кен, құрылыс, тамақ және фармацевтика салаларына арналған химиялық өнімдерін шығаратын «Topan Chemical Industries» кәсіпорыны жұмыс істейді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Компания тұз қышқылының әртүрлі концентрацияларын, оның ішінде техникалық және ингибирленген тұз қышқылын, сондай-ақ түйіршіктелген және сұйық кальций хлоридін өндіреді.
«Topan Chemical Industries» сұйық өнімдер өндірісінің басшысы Нұржан Нетшеев зауыттың бағытымен таныстырды.
– Зауыт өнімдері мұнай-газ саласындағы бұрғылау жұмыстары, құрылыс, металлургия, коммуналдық шаруашылық, химия және тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Ингибирленген тұз қышқылы мұнай ұңғымаларын қышқылмен өңдеу, қазандықтар мен өндірістік жабдықтарды химиялық тазарту, металдарды өңдеу жұмыстарына пайдаланылса, кальций хлориді құрылыс, бұрғылау және өнеркәсіптік технологияларда кеңінен қолданылады, – деді Нұржан Нетшеев.
Бүгінде зауыт айына 4 мың тоннаға дейін сұйық кальций хлоридін, 1,5 мың тоннаға дейін түйіршіктелген кальций хлоридін, 2,4 мың тоннаға дейін техникалық тұз қышқылын, 1,2 мың тоннаға дейін жоғары концентрациялы техникалық тұз қышқылын және 1 мың тоннаға дейін ингибирленген тұз қышқылын өндіру қуатына ие.
Сонымен қатар, кәсіпорынның Ақтау қаласында орналасуы өндірістік кәсіпорындарға қолжетімділікті арттырып, теміржол, автомобиль және теңіз көлігі арқылы өнімді еліміздің өңірлеріне және шетелге жеткізуге мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-uvp/press/news/details/1269492?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау