Ақтөбе облысындағы су құбыры желілерінің құрылысына қайтарылған активтер қаражаты есебінен 5 млрд теңге бөлінді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекет басшысының заңсыз шетелге шығарылған активтерді қайтару және бұл қаражатты елдің дамуына бағыттау жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Үкімет өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар нысандарды қаржыландыруды жалғастырып келеді. Ақтөбе облысындағы Сарыбұлақ жер асты сулары кен орнынан топтық су құбырын салуға Арнаулы мемлекеттік қордан 5 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Жоба тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп, коммуналдық желілерге түсетін жүктеме артып келе жатқан Ақтөбе қаласының Батыс-1, Батыс-2 және Батыс-3 шағын аудандарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Сарыбұлақ кен орны облыс орталығынан 56 шақырым жерде орналасқан. Жоба аясында мұнда 20 артезиан ұңғымасы бұрғыланып, қажетті инфрақұрылыммен жабдықталады. Сондай-ақ топтық су құбыры салынып, желілер тұрғын үй алаптарына дейін жеткізіледі. Құрылыс жұмыстары биыл басталады.

Нысан пайдалануға берілгеннен кейін Ақтөбе қаласының тұрғындары, сондай-ақ Алға және Мұғалжар аудандарындағы елді мекендер тәулігіне қосымша 70 мың текше метрге дейін ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде облыс орталығының қарқынды дамып жатқан аудандарының өсіп келе жатқан сұранысын өтеу үшін тәулігіне 25 мың текше метр су бағытталады. Сарыбұлақ кен орнының барланған қоры өңірді алдағы 30 жыл бойы тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге жеткілікті.

2024–2026 жылдар аралығында Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Үкімет жалпы құны 610 млрд теңгені құрайтын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыруды мақұлдады. Олардың басым бөлігі бүгінде пайдалануға берілді. Оның ішінде жалпы құны 226,5 млрд теңгені құрайтын 267 жоба су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ile-kazcik/press/news/details/1269114?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version