Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға жеке көмекші қызметі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №288 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес көрсетіледі.
Жеке көмекші қызметі мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы (АОЖБ) негізінде тағайындалады. Аталған бағдарлама медициналық көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерді ескере отырып әзірленеді. Қызмет АОЖБ-да белгіленген мерзімге мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсынылады. Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, олардың заңды өкілдері немесе нотариалды куәландырылған сенімхат негізінде әрекет ететін тұлғалар өтініш бере алады.
Өтінішті мына тәсілдердің бірі арқылы рәсімдеуге болады:
— Халыққа қызмет көрсету орталығы (Мемлекеттік корпорация);
— жұмыспен қамту бөлімдері;
— eGov порталы;
— мобильді қосымша арқылы.
Егер қызмет проактивті форматта көрсетілсе, өтініш берудің қажеті жоқ. Өтініштер «Е-Собес» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде тіркеліп, олардың келіп түсу ретімен қаралады.
Төмендегі тұлғалар жеке көмекші бола алмайды:
— психикалық денсаулық саласындағы мамандандырылған ұйымда есепте тұрғандар;
— денсаулық жағдайына байланысты медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдар;
— 18 жасқа толмағандар;
— жұмыспен қамтудың белсенді шаралары шеңберіндегі кәсіптік оқудан өтпегендер;
— зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтар (бірінші топтағы мүгедектігі бар адамның жақын туысы болған жағдайдан басқа);
— заңда белгіленген тәртіппен алынбаған немесе өтелмеген соттылығы бар адамдар;
— сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған азаматтар.
Қандай жағдайда жеке көмекші қызметі ұсынылады
Медициналық көрсетілімдерге мыналар жатады:
— толық соқырлық немесе көру қабілетінің өте төмен болуы;
— айқын вестибулярлық және мишық қызметінің бұзылыстары;
— паркинсонизмнің ауыр түрлері;
— гемипарез, парапарез, трипарез, гемиплегия, параплегия, триплегия;
— ауыр жүрек-қантамыр және тыныс алу жеткіліксіздігі;
— созылмалы бүйрек жеткіліксіздігінің ауыр сатылары;
— буындардың ауыр қызметтік бұзылыстары;
— аяқ-қолдардың протездеуге келмейтін ампутациялары немесе туа біткен ауыр кемістіктері;
— жүріп-тұру мүмкіндігін едәуір шектейтін басқа да ауыр анатомиялық және функционалдық бұзылыстар.
Жеке көмекші қызметі мынадай жағдайларда ұсынылмайды:
— бактерия бөлетін туберкулез;
— жұқпалы тері және шаш аурулары;
— жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурулар;
— мамандандырылған емдеуді қажет ететін ауыр психикалық бұзылыстар.
Ескерту: Невроздар, неврозға ұқсас жағдайлар, жеңіл ақыл-ой кемістігі және сирек ұстамамен өтетін (2–3 айда бір реттен аспайтын) тырысу синдромдары медициналық қарсы көрсетілімдерге жатпайды.
Азима Есбергенова
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің №1 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы А. Есбергенова.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-shymkent/press/news/details/1269105?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау