Жыл басынан бері Қарағанды облысында азық-түлік өнімдерін жеткізумен айналысатын 51 көтерме сауда кәсіпкері тексеруден өтті. Бақылау шаралары артық делдалдарды анықтау және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында құрылған Өңірлік комиссияның жұмысы аясында жүргізілді.
Тексеру барысында негізгі назар көтерме сауда буынына аударылды. Өйткені тауар бағасының едәуір қымбаттауы көбіне осы кезеңде орын алып, өнімнің соңғы тұтынушыға жеткендегі құнына әсер етеді.
Бақылау нәтижесінде кейбір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылған сауда үстемесі сатып алу бағасының 50 пайызына дейін жеткені анықталды. Бұл жағдай тұтынушылардың тауарларды жоғары бағамен сатып алуына себеп болған.
Комиссияның араласуынан кейін мұндай өнімдердің бағасы төмендетілді. Заң талаптарын бұзған кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұлдар салынды.
Өткен жылмен салыстырғанда биылғы бақылау жұмыстарының ауқымы айтарлықтай артты. Егер 2025 жылдың осы кезеңінде 15 көтерме жеткізуші тексерілген болса, биыл олардың саны 51-ге жетіп отыр.
Қарағанды облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, баға тұрақтылығын сақтау, негізсіз делдалдықты анықтау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары құнының орынсыз өсуіне жол бермеу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1268806?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау