ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Ақтөбе облысындағы ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалармен танысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барып, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, цифрландыру салаларындағы жобалармен және әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты. Бұл туралы Primeminister.kz хабарлады.
Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобалар ең алдымен халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Биыл Ақтөбе облысы аумағынан өтетін республикалық маңызы бар 1122,5 шақырым автожолда құрылыс және жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде 856 шақырым жол қайта жаңғыртылып, санаты өзгертіледі, сондай-ақ екі көпірге күрделі жөндеу жүргізілуде.
Алғашқы нысан – республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолы. Жалпы ұзындығы 262 шақырымды құрайтын жолдың құрылысы 7 мердігер ұйымға бөлініп берілген.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ресми түрде бастау алған «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автожолдарының құрылысы қолға алынатыны атап өтілді. Ауқымды әрі стратегиялық маңызы бар бұл жобалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы маңызды екені айтылды.
Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев телекөпір арқылы үш ірі жол жобасының басталуына рұқсат бергенін атап өтіп, жолдардың 2029 жылға дейін пайдалануға берілуі жоспарланғанын айтты. Осыған байланысты барлық жұмысты үйлестіріп, туындайтын мәселелерді жедел шешу қажеттігін тапсырды.
Сапар барысында «Ембі – Шалқар», «Қандыағаш – Шалқар», Т. Жүргенов ауылы арқылы Қостанайға шығатын жол және «Әлімбет» бақылау-өткізу пунктіне апаратын жолдағы жұмыстардың барысы таныстырылды.
Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздегі 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның аясында Ақтөбе облысындағы 7 вокзал жаңғыртылады.
Ақтөбе теміржол вокзалының құрылыс барысымен танысу кезінде жауапты тұлғаларға құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң сақтау, вокзал аумағын кешенді абаттандыру, ғимараттардың сәулеттік келбетін біріздендіру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Жұмыс сапарының екінші күні Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестиция тарту және өнеркәсіпті дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Онда Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін жаңа деңгейге көтеру жолдары қарастырылды.
Кеңес барысында инвестициялық жобаларды уақтылы іске қосу, «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағына жаңа өндірістерді тарту, ауыл шаруашылығын қаржыландыру және техникалық жаңғырту бойынша нақты міндеттер қойылды.
Бұдан кейін «109» ахуалдық орталығы мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктірілген цифрлық платформаны таныстырды. Сондай-ақ «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы өндірісті дамыту жоспары ұсынылды.
Сапар аясында «Ақтөбе ЖЭО» АҚ-ның алдағы жылыту маусымына дайындығы да қаралды. Жауапты тұлғаларға жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, жылыту маусымына сапалы дайындықты қамтамасыз ету тапсырылды. Дайындық жұмыстарын қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр.
Ақтөбе қаласындағы «Қоныс» спорт сарайының жанынан жаңа демалыс саябағы салынуда. Аумағы 1,6 гектарды құрайтын саябақта жаяу жүргіншілер және жүгіру жолақтары, балалар мен спорт алаңдары, амфитеатр және демалыс аймақтары қарастырылған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Мұндай қоғамдық кеңістіктер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсаттарына толық сәйкес келеді.
Жұмыс сапарының қорытындысында «Алтын Орда» шағынауданындағы экономикалық және іскерлік аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалар, музыкалық драма театрының құрылысы және 35 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионының құрылысы таныстырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-nadezhdin/press/news/details/1269125?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version