Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев аудандық полиция бөлімінде жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жаңа жедел басқару орталығы ашылды. Бұл орталық цифрлық дәуір талаптарына сай полиция жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Аудандық полиция бөлімінің ғимаратында үздіксіз қуат көзімен қамтамасыз етілген сервер, заманауи байланыс жүйелері орнатылып, үш жұмыс орны мен бейнеқабырғасы бар арнайы зал жабдықталды.
Мониторларға аудан орталығы Булаево қаласының барлық негізгі нүктелерінде орнатылған бейнебақылау камералары қосылған.
Жаңғырту жұмыстарына дейін қалада 75 бейнебақылау камерасы жұмыс істеді. Олардың көмегімен биылдың өзінде 7 қылмыс ашылып, Жол қозғалысы қағидаларын, қоғамдық тәртіп пен абаттандыру қағидаларын бұзудың жүздеген дерегі анықталды. Бұдан бөлек, қосымша 72 бейнебақылау камерасы мен жылдамдық режимін тіркейтін 3 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылды.
Заманауи техника жедел жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға, күштер мен құралдарды тиімді үйлестіруге және маңызды шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
Жедел басқару орталығының ашылуына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Руслан Назаров қатысты. Сондай-ақ аудандық полиция бөлімінің қызметтік техникаларының, оның ішінде автокөліктердің, байланыс құралдарының және әртүрлі міндеттерді, соның ішінде жоғалған малды іздеуде қолданылатын дронның таныстырылымы өтті.
Руслан Назаров жедел басқару орталығының ашылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік органдар жұмысына заманауи технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларын іске асырудың нақты нәтижесі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған жылдың соңына дейін Солтүстік Қазақстан облысының барлық ауданында осындай полиция орталықтарының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл полиция бөлімшелерін “Заң мен Тәртіп” қағидатын нығайтуға бағытталған бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіріп, полицияның ден қою жеделдігін арттыруға және қылмыстардың ашылу деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1269302?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау